Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында елдердің екіжақты ынтымақтастығының және ЕО шеңберіндегі ықпалдастығының басым мәселелері талқыланып, халықаралық күн тәртібінің ең өзекті мәселелері, атап айтқанда, Украинадағы жағдайды реттеу, Иран ядролық бағдарламасы, Ауғанстан тұрақты дамуы мәселелері туралы пікір алмасылды.
Е. Ыдырысов Йоханнес Зингхаммерді ГФР-дың 2016 жылы ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануымен құттықтап, Ұйым алдында қойылған мәселелер шешіміне Қазақстанның барынша қолдау көрсеуге дайындығын айтты.
Сұхбат барысында Қазақстан мен Германия қатынастары өзара тиімді ынтымақтастық және сындарлы диалог сипатында өз дамуын жалғастыратыны аталып өтілді. Германия Қазақстанның ЕО елдерінің жетекші саяси және сауда серіктестерінің тобына кіреді.
Биыл Қазақстан-Германия сауда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі іскер кеңесінің және Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырыстары жоспарланған.
Е. Ыдырысов Қазақстанда бұрын тұрған және қазір тұрып жатқан этникалық немістер екі ел арасын байланыстырып тұратын буын рөлін атқарады деп атап өтті. Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау саясаты шеңберінде неміс қауымдастығының, оның бай мәдениетінің, тілі мен дәстүрлерінің даму мәселесіне зор көңіл бөлінеді. Қазақстанда облыстық неміс этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді, республикалық «Deutsche Allgemeine Zeitung» газеті шығарылады, «Видергебурт» Қазақстан немістерінің қауымдастығы белсенді жұмыс істейді.
Сұхбаттастар Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығы туралы сөз қозғаған кезде, биыл қол қойылуы жоспарланған Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісімшарттың әлеуетін жүзеге асыру, ғылым мен технология салаларындағы ықпалдастық және визалық тәртіпті жеңілдету мәселелерін талқылады.
Еуроодақ Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі екені атап өтілді. Соңғы 10 жылда Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есе, ал қазақстандық экономикаға тартылған еуропалық инвестициялардың көлемі 10 есе өсті. 2014 жылдың қорытындылары бойынша ЕО-мен сыртқы сауда көрсеткіші 53 млрд. доллардан асты, бұл ҚР сыртқы сауда айналымының 53,2%-н құрайды.