Қырғызстан СІМ-нің хабарлауынша, жазушы кеше кешке дүниеден озды.
Бұдан бұрын да хабарланғанындай, жазушы Нюрнберг қаласындағы ауруханада жатқан, ол жерге 16 мамырда Қазан қаласынан "өкпе қабынуының ауыр түрі және бүйрек дерті" деген диагнозбен жеткізілген. Қазанда ол жазушының 80 жылдық мерейтойына орай "И дольше века длится день" атты деректі фильм түсіріп жатқан "Россия" телеарнасының тобымен бірге жүрген. Алайда, жазушы кенеттен қатты ауырып қалғандықтан, ауруханаға жеткізіліп, ондағы дәрігерлер оны Германияға емдеуге жіберуге шешім қабылдайды.
Айтматов екі аптадан астам уақыт бойы ауыр жағдайда болды, жасанды тыныс алдыру аппаратымен тыныс алды. Осы уақыт ішінде оның жұбайы Мария, ұлдары Санжар мен Эльдар және қызы Шырын жанында болды.
Ш.Айтматов сенбі күні Бішкекте жерленеді.
Ш.Айтматов 1928 жылдың 12 желтоқсанында Талас облысының Шекер ауылында дүниеге келген, өзінің бірінші әңгімелерін 1952 жылы бастырды, 1956 - 1958 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет курстарында оқыды. Ол әлемге танымал "Жәмилә", "Хош, Гүлсары" повестері, "Белый пароход" және "Плаха" романдарының авторы. Айтматовтың соңғы шығармаларының бірі - "Когда падают горы (Вечная невеста)" романы 2006 жылы Мәскеуде жарық көрді.
Шыңғыс Айтматов - Ленин сыйлығының иегері (1963) және КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте (1968, 1980, 1983) иегері, 1988 - 1990 жылдары КСРО-ның кезіндегі жетекші журналдардың бірі "Иностранная литература" журналының бас редакторы болған.
Қайта құру жылдарында КСРО президенті Михаил Горбачевтың кеңесшісі болды, 1990 - 1994 жылдары КСРО мен Ресейдің Бенилюкс елдеріндегі елшісі қызметін атқарды. 2008 жылдың наурыз айына дейін Қырғызстанның Франция, Бельгия, Люксембург және Нидерланды елдеріндегі елшісі болды.
Ресей президенті Дмитрий Медведев ұлы жазушының отбасына көңіл айтты. Айтматовтар отбасына РФ үкімет басшысы Владимир Путин де көңіл айтты.