Г.Головкин мен О.Адаманың жекпе-жегі әлемнің 100-ден аса елінде тікелей эфир арқылы көрсетілді

Бұл спорттық шара Еуропа, Азия және Оңтүстік Африка елдерінде прайм-тайм уақытында берілді. Айта кеткен орынды, айқас басталар алдында MUSICOLA дуэті Қазақстанның әнұранын орындады. Сондай-ақ, ринг арқандары және шаршы алаң EXPO 2017 халықаралық көрмесінен хабардар етер жазулармен өрнектелді. Осылайша төрткүл дүниедегі спорт десе ішкен асын жерге қояр сан миллиондаған жанкүйер Қазақ елін тағы бір жаңа қырынан таныды.

К2 Promotions компаниясының промоутері Том Леффлердің сөзіне қарағанда, аталмыш жекпе-жекке жанкүйерлер тарапынан қызығушылық өте жоғары болған. Бұл қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Головкиннің спорт әлеміндегі ең жарық жұлдыздардың бірі екендігін дәлелдейді.

Екінің бірі біле бермес, Геннадий Головкин қазіргі уақыттағы кәсіби бокстағы чемпиондар арасында және бокс тарихындағы орта салмақта нокаутқа түсіру пайызы жағынан бірінші орында келеді. Сондай-ақ, «Ring» (АҚШ) журналы жүргізген сауалнаманың қорытындысы бойынша ол өткен жылы «Жыл боксшысы» атанды.


Жерлесіміз алдағы кезекті кездесуін сәуір айында Нью-Йорк қаласындағы Мэдисон Сквер Гарден аренасында өткізеді деп күтіліп отыр. Спорт мамандарының айтуына қарағанда, ол австралиялық экс-чемпион Дэниел Гилмен немесе америкалық Джеймс Кирклендпен жекпе-жекке шығуы мүмкін.