Ғаламторда ең көп «лайк» жинаймын деп басы бәлеге қалды

Бәстесемін деп басы бәлеге қалды. Фильмдегі басты кейіпкер небәрі 7 күнде жүрдек поезбен бүкіл елді аралап, тірі жолбарысты да қолға үйретуі тиіс. Айтпесе бар жиған-тергенінен ғана емес, өмірімен де қош айтыспақ. Серега ақыры тәуекелге бел буады.       

Қауіп-қатерге толы жолда қызық қуалаған жігіт жын-перілерді де, балық құйрықты еркектерді де кезіктіреді. Барлық сәтсіздіктерден оны сұлу бойжеткен үнемі құтқарып жүреді. Аса батыл актрисаны киноны түсірушілер сонау Америкадан алдырыпты.         

Голливуд жұлдызы Майкл Мэдсен де комедияны қыздыра түскен. Ал басты рөлдегі желөкпе жігітті ресейлік белгілі актер Сергей Светлаков ойнайды. «Наша Russia»-ның жарық жұлдызы киноға түсемін деп жүріп, қолсыз қала жаздапты.


Сергей Светлаков, актер, продюсер:

- Жолбарыс қасыма жақындады да, қолымнан тістеді. Түсірімді тез арада тоқтатып, жедел-жәрдем шақырттық. Төрт күн бойы емделуіме тура келді. Тістеп алған сәтін кинодан көрсеңіздер болады. Соңында бірақ жыртқышпен достастық.  

Басты кейіпкер жолбарысқа қолын тістетіп қана қоймай, кино барысында өз-өзін жандырады да. Шым-шытырық комедия енді біздің елде де көрсетіле бастайды. Кілең танымал әртістер сомдаған киноны «Базелевс», «Дисней», және «Сони» студияларының ресми таратушысы «Меломан» компаниясы ұсынып отыр.