Кітапты қолжазба күйінде оқыған Ақселеудің жандай досы Қойшығара Салғараұлы мен шығармашылық саласындағы әріптес інісі Тұрсын Жұртбай бұл кітапқа жоғары баға берді. Т.Жұртбай: «Қазақ әдебиетінде диссертациялық еңбектер болмаса, бір жазушының шығармашылығына арналған, барлығын тәптіштеп түсіндірген мұндай көлемді еңбек болған емес» депті. Кітап авторын сөзге тарттық.
- Мырзакелді Кемелұлы, Ақселеу аға туралы кітапты жазу барысында қаламгер-ғалымның қандай жаңа қырларын танып-білдіңіз?
- Ақселеу Сейдімбектің былтыр күзде жарық көрген 6 томдығы автордың өзі мұқият сұрыптаған, толымды дүние екен, содан ерекше әсер алып, қараша айында бастап, үш ай ішінде бітірдім.
Ақселеудің Тұрсын Жұртбайға айтқан сөзі бар: «Мен саған бір ақыл айтайын. Осы көркем шығарма дегенің бос сөздің желқабызы екен. Мен қойдым, сен де қой. Халыққа түк пайдасы жоқ. Одан да құрып бара жатқан еліміздің руханиятын құтқаратын ғылыми-көпшілік жанрға көш», - деген. Оған қоса былай деп жазыпты: «Қалай десек те, суреткер қиялынан туған көркем шығарма дүниені өзгертуге келгенде ең дәрменсіз тірліктердің бірі болып қала береді. Бейнелеп айтсақ, көркем шығарма - қарыны ашқан балаға тамақ берудің орнына ойыншық бергендей ғана гәп. Қазіргі заман біздің халықты көркем шығармамен жұбататын, дәлірек айтқанда, авторлық қиялдан туған әдемі сөзбен әлдилейтін кез емес. Меніңше, көркем шығарма жазу болып-толған елдердің айналысатын шаруасы. Біздің қазаққа көркем шындықтан гөрі қатқыл өмір шындығы көбірек керек. Өйткені біз өзіміз туралы ақиқатты айта алмай келген, тарихқа есеміз кеткен халықпыз».
Демек, Ақселеу Сейдімбек журналистік-жазушылықтан саналы түрде бас тартып, өмірінің 40 жылға жуық уақытын зерттеушілікке, ұлтының этнографиясын, ұлттық ерекшеліктерін зерделеуге, оны халқына жеткізуге барын салған азамат. Әбіш Кекілбаевтың ол туралы: «Ақселеу қазақтың қалжыңдарынан қара өлеңіне, киімінен күйіне, сайқымазақтарынан салтына, ғұрыптарынан құлықтарына, саясатшылығынан саятшылығына, тағамдарынан тарихына дейінгіден ештеңе қалдырмай ерінбей зерттеп, ежіктей талдап келеді» деген әдемі айтқан бір сөзі бар.
- Ұлттық салт-дәстүрімізді зерттеудегі еңбегі халықтың қолына толық жетті ме?
- Алты томдығы 2000 дана болып жарық көрген. Ол еліміздегі кітапханаларға ғана таратылуға жоспарланған. Дүкендерге түскен жоқ. Менің «Ақселеу асуын» жазғандағы басты мақсатым - Ақселеудің қазақ руханиятын зерттеудегі тұшымды ойларын халыққа жеткізу. Ұлтты ұлт ретінде қалыптастырып, ғасырлар қойнауынан бермен қарай өзгеден өзгешелендіріп тұрған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, күйшілік, аңшылық-саятшылық, қолөнер, ұсталық-зергерлік саладағы ерекшеліктерін, шежіресі мен оған қатысты аңыздарды, «Ойтолғақ» атты 20 жасқа жетпей бастап, тәуелсіздік таңы атқан күнге дейін үзбей жазып келген күнделігіндегі үлгі болар ойларын оқырманға қысқа әрі нұсқа етіп жеткізе берейін деген ниет еді.
- Кітабыңызды Астана әкімі, Ақселеу ағаның досы Иманғали Тасмағамбетовке арнаған екенсіз...
- Арнағаным рас, бірақ онда бір бақай есеп, жәрдемі тиер деген сияқты пиғыл жоқ. Оның себебі былай: Әбіш Кекілбаевтың 60 жылдық мерейтойы алдында «Әбіш Кекілбаев: кісілік келбеті» деген үш баспа табақтай бір шығарма жазып, оны «Егемен Қазақстан» газеті басқанда, газет шыққан күні таңертең 9-да Иманғали Тасмағамбетов телефон шалып, ризашылық білдіріп, рахмет айтты. Одан алдын кітаптарымды оқып, мынадай деп хат жібергені бар: «Жан-дүниеңіздің парасат иелерімен терең сырласуынан туындаған еңбектеріңіз бен шебер аудармаларыңызды оқып, оқырман ретінде алған әсерім мен үлкен ризашылығымды білдіремін». Басқа да қолымды қысып құттықтағандар, қоңырау шалғандар аз болған жоқ, бірақ билік саласындағылардан ол кісі бір өзі ғана. Қазір де жолыққанда не жазып жатқанымды сұрап, жылы ықылас білдіріп, жаңа дүниелерімді сұратып алдырып тұрады.
- Әбіш Кекілбаев пен Ақселеу Сейдімбектен басқа кімдердің шығармаларын зерттедіңіз, тағы кімдердің шығармаларына бойлау ойыңызда бар?
- Шәкәрімнің ар іліміне бір кітап арнадым. Енді Асқар Жұмаділдаев, Майра Мұхамедқызы, Таласбек Әсемқұлов, Дәулет Сембаев, Мұрат Әуезов туралы шығармалар жазсам деп армандаймын, олардың шығармашылығына, қайраткерлігіне арнап, дайындап жүрген біршама жазбаларым бар. Басқа да біраз кісілер туралы жинақтап жүрмін. Кім туралы, қай көлемде жазсам да «жақсы еді, қайраткер еді» деген сияқты мінездемелер емес, «Ол адам қазаққа не берді?» дегеннің төңірегінде жазамын, бұрынғы жазғандарым да осы принциптің негізінде жазылған.
- Келер жылы А.Сейдімбектің 70 жылдығы. Ақаңның рухани байлығын таратуда және есімін есте ұстау үшін қандай іс-шаралар атқарылғаны жөн деп есептейсіз?
- Ақаңның алты томдығы шамамен 5000 беттей. Оның бәрін оқи беретін оқырман қазақта аз. Оның үстіне дүкендерге түскен жоқ. Өз бағасы 12 мың теңге, оны дүкендер 20 мың теңгеден кемге сатпайды, сондықтан оны сатып алатындар аз болады.
Ақаңның рухани байлығын таратқымыз келсе, біріншіден, сол кітапты ғаламторға салу керек; екіншіден, ішіндегі таңдаулы ойларды аудиокітап етіп шығару керек. Бұл үшін көп қаржы керегі жоқ, ықылас болса болды.