Гір тасын көтеруден Қазақстан Республикасының спорт шебері Сағидолла Қайбалиев - Қазталов ауданы Талдыапан ауылының түлегі. 1988 жылы дүниеге келген. Гір спортымен айналысуына ауыл мектебінде оқып жүрген кезінде бапкері Тимур Бержанов себепкер болған. Мектепті бітіріп, Орал педагогикалық колледжінде оқыған жылдары Сағидолланың шеберлігі жетіле түсті.
Сағидолла 2006 жылғы ел біріншілігінде қола, 2007 жылы күміс жүлдеге қол созып, спорт шебері атанды. 2009 жылы әуелі жастар, сосын ересектер арасында Қазақстан чемпионы болғаны тағы бар. Сол жылы Эстонияның астанасы Таллинде өткен гір спортынан жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, күміс медальді мойнына тағып қайтты. Сөйтіп, Оралдағы жаттықтырушысы Николай Коломойецтің, Қазақстан ұлттық құрамасының аға бапкері Серік Абдахиннің үмітін ақтады.
Сағидолла - биылғы ел чемпионы. Алдағы жылғы мамыр айының аяғында Литвада болатын Еуропа чемпионатына жолдама қоржында тұр. Таяуда келешегі мол жас спортшы Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрылымдарының біріне жұмысқа орналасты. «Менің ендігі арманым - ересектер арасында әлем чемпионы атану. Басты қарсыласымыз - Ресей. Қалған мемлекеттерде жекелеген салмақтарда болмаса, мықты спортшылар аз. Дегенмен, спорт босаңдықты көтермейді. Қазір барлық қажыр-қайратымды дайындыққа жұмсаудамын,» дейді ол.