Гитлер туралы мақала басқан журнал үлкен дауға қалды

-Бірнеше миллион халықты, еврейлерді отқа салып жақты ғой. Бірнеше концлагерлер болды. Тірідей балаларды отқа лақтырады. Мынау сұмдық емес па?

Төлеби Ахметбеков тыныштығынан айырылғалы бүгін екінші күн. Қарт майдангер қарсы алдында жатқан журналға қарап, өз көзіне өзі сенер әлі емес. «Гитлер – фашист емес» деген бір ғана тақырып жауынгердің жүрегін қарс айырған.         

Төлеби Ахметбеков, Ұлы Отан соғысы ардагері:

- Менің қатарымдағы шалдар иттің етінен жек көреді бұны! Бұдан жаман адам өмірде дүниеде адамзаттың арасында болмаған. Бірнеше миллион адамдарды қырды ғой осы. Ондай адамды қалай мақтауға болады? Ондай адамды қалай көтеруге болады жақтап, мақтап?

Ұлы Отан соғысы ардагерінің ызасын келтіргені мұқабадағы Гитлердің тікесінен тік тұрған суреті. Білдей республикалық басылым, сәуірдегі санын түгелдей диктатордың 125  жылдығына арнап шығарған екен. 50 бетінің барлығы тек Гитлер жайлы. Тіпті, өмірбаянына дейін тәптіштеп жазылған. Балғын балалық-шағы, рейхсканцлердің өз қолымен салған көркем суреттеріне дейін тұр. Мазмұнынан бұрын, мұны қорлық деп түсінген майдангерлер енді журналды мүлде жаптырып тастауды талап етіп отыр. Ал «Аңыз адамның» бас редакторы, белгілі журналист Жарылқап Қалыбай болса, Гитлер туралы жазған авторларының пікіріне қатысым жоқ деп басын ала қашты.    


Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының бас редакторы:

- «Аңыз адам» - бұл сұхбат журнал. Интервью журнал біз тек жаңағы білікті мамандарменен тарихшы-ғалымдардан сұхбат алып отырмыз. Олар өздерінің пікірін айтып отыр. Ол жерде жалғыз бір адам емес, елу шақты адам пікір айтқан. Сондықтан, бұл жерде ешқандайда ардагердердің намысына тиетін олардың жаңағы неғылатындай жағдайы жоқ! 

Журнал басшылығы әлеуметтік, ұлттық және нәсілдік араздастықты тұтатқаны үшін енді жауапқа да тартылуы мүмкін. Бірақ, әзірге қандай да болмасын іс қозғалған жоқ. Редакция әдеттегідей кезекті 93-ші ұлы тұлға туралы тиражын әзірлеуде. 

-Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлердің жүрегіне ауыр соққы болып тиген Адольф Гитлер туралы журналды қазір кез-келген киосктан сатып алуға болады. Басылым бақандай 35 мың данамен бүкіл елге тарап кеткен. Аңыз емес, жауыз адамды аңыз етіп, бүкіл жұртқа жариялаған журналдың бас редакторын қазір Ұлы отан соғысының жауынгерлері жан-жақтан іздестіріп жатыр. Егерде БАҚ-қа жауапты құзырлы органдар тездетіп шара қолданбаса, жазасын өздері бермек.