Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Режиссер Асқар Ұзабаев “Гламур для дур” атты кезекті туындысын түсіріп жатыр. Аталған туындыда басты рөлдердің бірін продюсер Баян Есентаева сомдамақ болған. Алайда соңғы оқиғаларға орай продюсерді тележүргізуші Әсел Ақбарова алмастыратын болды.
Есентаеваның өзі бой көрсетпесе де, ол жетекшілік ететін “KeshYou” тобының солисі Ақбота Сейітмағамбет фильмде басты рөлді сомдамақ.
Аталған туындының түсірілім жұмыстары маусымның 6-сында басталған. Фильм комедия жанрында түсірілмек. Режиссер лентаның Instagram желісінде танымалдылыққа қол жеткізгісі келетін адамдар туралы екенін айтады. Мұнымен қатар, сценарийді ешкімнің көңіліне тимейтіндей етіп жазбақ.
Бұл жаңалықты естіген желі қолданушылары Ақбота Сейтмағамбетованың кез келген рөлді алып шыға алатынын жеткізген. Мұнымен қатар, режиссерге қазақстандық фильмдердің тек “Алматыдан ауылға”, “ауылдан қалаға” сынды екі сценарий бойынша түсірілетінін айтып сынағандар бар.
Ал фильмнің түсірілім жұмыстары 30 күнге созылады. Дәл қазір әртүрлі кастинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған туынды көрермендерге күзде жол тартпақ.
Фильмде Ақбота Сейтмағамбетовадан бөлек, Кентал мен Гүлнәр Силбаева да ойнауы мүмкін.
Асқар Ұзабаев осы уақытқа дейін “Ғашық жүрек”, “Махаббатым жүрегімде”, “Осторожно, корова!” сынды туындыларды дүниеге әкелген болатын.