Қосалқы құрал-жабдықтары бар "Протон-М" зымыран тасығышы Мәскеу түбінде орналасқан М. Хруничев атындағы орталығынан 23 қарашада темір жол арқылы Төретам станциясына жеткізілді.
Барлық кедендің тексерулер өткізіліп, тиісті құжаттар берілгеннен кейін, зымыран тасығышы монтаждық-тәжірибелік корпусының №92 алаңына жеткізілді. Онда ол құрастырылып, толық іске қосылатын болады.
Ресейлік "Глонасс-М" навигациялық жер серіктерін ұшыруға байланысты, ғарыш айлағында ДМ үдеткіш блогы мен екі "Глонасс-М" ғарыштық аппараттары дайындықтан өткізілуде. Ғарыш айлағына желтоқсанның басында үшінші жер серігі жеткізілуге тиіс.
Байқоңырдан ресейлік навигациялық жер серіктері екінші рет ұшырылады. Бұдан бұрын, үш бірдей "Глонасс-М" аппаратын алып "Протон-К" зымыран тасығышы 26 қазанда ұшырылған болатын.
"Глонасс-М" жүйесіндегі үш жер серігін ұшыру арқылы, орбитада орналасқан ресейлік жаһандық навигациялық серіктер жүйесіндегі жер серіктерінің саны 24-ке дейін ұлғаяды.
"Глонасс-М" атты 3 ғарыштық аппараттарын "Протон-М" ракета -тасығышының көмегімен 2007 жылдың 25 желтоқсанында ұшыру жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті