«Грузия арманы» партиясының атынан сынға түскен кандидат сайлаушылардың 67 пайыз дауысын жинаған. Ал Саакашвилидің партиясының атынан додаға түскен Давид Бакрадзе ұтылғанын ашық мойындады. Десек те Грузия парламенттік елге айналғандықтан, жаңа президенттің құзыреті шектелген. Грузиядағы түрлі-түсті төңкерістен соң билікке келген Михаил Саакашвили тақта он жыл отырды. Басшы болған соң қарсыластары да көп болды. Алайда тұрғындардың басым бөлігі оны жемқорлықты жойып, әбден әлсіреген экономиканы айтарлықтай деңгейге көтергені үшін қолдайды. Саакашвилидің өзі қазір билігін біртіндеп тапсырып жатыр. Тіпті мемлекет меншігіндегі үйін босатып берді. Енді отбасымен уақытша әжесінің үйінде тұрмақ. Алайда басшысы ауысқанымен Грузияның ұстанған бағыты өзгермейді, қап тауы НАТО мен Еуроодаққа жақындаса бермек. Оңтүстік Осетия пен Абхазиядағы шиленістен соң Ресеймен қатынасы өзгеретініне сарапшылар сенімсіздікпен қарап отыр.