"Голланд дерті" Қазақстан үшін қауіп емес, нақты ахуалға айналды - К.Сағадиев

70-ші жылдары Голландияда табиғи газдың ірі кеніштерінің ашылуы ел экономикасына қыруар қаржының құйылуына түрткі болды. Соның салдарынан ұлттық валютаның айырбас бағамы өсіп, Голландиялық өнім өндірушілердің шығындары ұлғайып, олардың басқа елдермен бәсекелесу мүмкіндіктерін қиындатып жіберді.

Қазақстандағы "Голланд дертінің" нышан -белгілері ретінде К.Сағадиев ақша массасының үлкен қарқынмен өсуін және соның кесірінен инфляцияның қамшы салдырмауын атады. "Соңғы алты жыл бойына әлемдік нарықтағы мұнай бағысының шарықтай түсуі мен мұнайдан түскен доллардың елге ағылуы инфляцияның өсуі мен "Голланд дертінің" белең алу қаупін төндірді. Бұл елдегі макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталу мүмкіндігін қиындата түсті",- деді комитет төрағасы.
К.Сағадиевтің пікірінше, инфляцияның өсе түсуіне мұнайдан түскен доллармен бірге экономикадағы жеке меншік сектордың, соның ішінде коммерциялық банктердің шетелдерден алған ірі көлемдегі несиелері де айрықша әсерлі факторға айналып отыр. Осыған байланысты депутат елдің сыртқы несиелерінің жоғарғы шегін парламентте бекітуді ұсынады.
Сонымен бірге Кү.Сағадиевтің пікірінше, Ұлттық банк инфляция өсіміне қарсы күресті күшейтіп, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі екінші деңгейлі банктердің сыртқы несиелерінің көлемін оңтайландыруға тиіс. Депутаттың пайымдауынша бәсекелі ортаны күшейту және өңдеу өнеркәсібінің өнімін арттыруға ынталандыру арқылы үкімет , "Голланд дертімен" күрес ауыртпалығының біраз бөлігін өз мойнына жүктеп алуға тиіс.
Комитет төрағасының пікірінше, Қазақстанда "Голланд дерті" 2003-жылдан бері белең алды. Бұлайша уәж айтуға мұнай шикізатына әлемдік нарықтағы бағаның бір баррелі үшін 45 -тен 54 долларға дейін өсуі, мұнай және газ конденсаты экспортының ауқымы 7-ден 11 млрд. долларға жетуі, теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 149,4 теңгеден төмендеп, 130 теңге төңірегінде тұрақтауы, шикізат өндірмейтін сектордағы өндіріс шығындарының өсуі мен бұл саланың бәсекелестік қабілеттен айрылуы, тауар импортының арзандауы мен көлемінің 9-дан 13 млрд. долларға дейін өсуі, отандық өнім өндірушілерді рыноктан ығыстыруы тәрізді факторлар дәлел. "Соның салдарынан экономиканың шикізатқа арқа сүйеген бағыт-бағдарын басқа арнаға бұруға мүмкіндік болмай отыр. Тіпті биылғы жыл басынан бері өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласындаы өсім қарқынының төмендеу ағымы анық байқала бастады",- деді К.Сағадиев.