Голливуд жұлдызы Уилл Смит қазақша сөйлеп кетті

WALT DISNEY студиясы, «Болашақ» қауымдастығы және «Marvin» компаниясы аталмыш фильмнің мемлекеттік тілдегі дубляжын жасап шықты.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек мәлім етті.

«Қара киімділер-3» фильмі әлем бойынша тек 7 тілге аударылған, соның ішінде қаза тілі де бар.

Сонымен «Қара киімділер-3» фильмі кинотеатр экрандарында мемлекеттік тілде шығатын екінші Голливуд жобасы болмақ. Бұның алдында «Көліктер- 2» мультфильмі қазақ тіліне тәржімаланған болатын.

Б. Байбектің айтуынша, ол кезде мультфильмді тамашалауға 25 мыңға тарта көрермен келген. Бұл - елдегі тұрақты көрермендердің 30 пайызы. Сондықтан мемлекеттік тілдегі аудиторияның да тым аз емес екендігін де байқауға болады.

«Қара киімділер-3» фильмінің негізгі кейіпкерлерін дыбыстайтын әртістердің тізімін бекіту үшін Қазақстанға «Sony Pictures» компаниясының дубляждау мамандары келді. Дыбыстау жұмыстары Алматы қаласындағы «Cinema Tone Production» студиясында жасалды.

Дубляж режиссері Әйгерім Оңалбектің айтуынша, Уилл Смиттің жылдам сөйлеу мәнеріне шамасы келетін әртісті табуға қиынға соққан көрінеді. Көптеген сынақтардан кейін «Sony Pictures» компаниясының өкілдері фильмнің бас кейіпкерін дыбыстау үшін Азамат Қанапияевті таңдады. Азамат «Көліктер-2» мультфильмінің кейіпкері Мэтрді де дыбыстаған болатын. Уолт Дисней компаниясының мамандары оның дауысына жоғары баға берді.

«Қара киімділер-3» блогбастері қазақстандық прокатқа 2012 жылдың 24 мамырында орыс және қазақ тілдерінде шығады. Туындының алғашқы таныстырылымы бүгін «Керуен» сауда орталығында сағат 18.00-де өтеді.