Головкин – Сондерс жекпе-жегі биыл желтоқсанда өтуі мүмкін

Уоррен Головкин-Альварес жекпе-жегінің жеңімпазымен Биллий Джо Сондерсті кездестірмекші. Аталған жекпе-жек 16 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтетіні белгілі. Бұл күні Сондерс Лондонда кіші Вилли Монромен шаршы алаңға шығып, өзара мықтыны анықтамақ.

"Егер Билл қыркүйекте Монроны жеңсе, біз бар күшімізді Головкин-Канело жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесу өткізуге салатын боламыз. Егер Головкин жеңсе, біз онымен осы жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткіземіз. Ал, егер Канело жеңсе келесі жылдың басында жұдырықтасуға болады. Билл жеңу үшін бару салады", – деді Фрэнк Уоррен америкалық басылымдарға берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін Головкин мен Сондерс осы жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада кездеседі деген ақпарат тараған болатын. Дегенмен, GGG командасының ресми өкілдері бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Ал, осынау жалған ақпаратты әу баста ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі таратқан еді.