Головкинге алдағы жекпе-жекке бес қарсылас ұсынылды

Бірінші үміткер — орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Билли Джо Сондерсом (25-0, 12 КО). Ұлыбританиялық боксшы Головкинге желтоқсанда жекпе-жек өткізуге шақырып үлгерді. Головкинге орта салмақта толықтай чемпион атану үшін дәл осы ұлыбританиялықтың белбеуі жетіспей тұр. 

Екінші үміткер — америкалық Джермалла Чарло (26-0, 20 КО). WBC тұжырымы бойынша міндетті жекпе-жек.

Үшінші үміткер — украиналық Сергей Деревянченко (11-0, 9 КО). IBF тұжырымы бойынша міндетті жекпе-жек.

Төртінші үміткер — пуэрторикалық Мигель Котто (41-5, 33 КО). Ол желтоқсанда соңғы жекпе-жек өткізіп, кәсіпқой бокстан кететіні туралы айтқан еді. Сонымен қатар ол Головкин — Альварес жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуді сұраған еді. 

Бесінші үміткер — Сауль "Канело" Альварес (49-1-2, 34 КО). Головкин мамырға дейін күтіп, мексикалықпен реванш өткізуі мүмкін. 


Айта кетейік, Головкин — Альварес арасында Лас-Вегаста өткен жекпе-жек 12 раундтан тұрды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, Головкин барлық титулын сақтап қалды.