Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес шәкіртінің қарсыласы - мексикалық Сауль Альварестің соққысы мықты дегенге күмән келтірді, - деп хабарлайды Vesti.kz.
"Канело" - боқмұрын. Ол жылдам комбинация жасайды, бірақ Головкинді өзінен алшақ ұстау үшін шапалақ боп тиетін соққыларынан да артық күш жұмсауы қажет. "Канело" - мықты панчер емес, таяуда ол нағыз панчердің қандай болатынын біледі", - деп мәлімдеді Санчес Yahoo Sports басылымына берген сұхбатында.
Бапкер Головкиннің соңғы жекпе-жекте америкалық Дэниэл Джейкобсқа қарсы бар күшін салып жұдырықтаспағанын айтып өтті. Санчестің айтуынша, бұған өз себептері де болған.
"Қалай ойлайсыздар, Головкин рингке көтеріліп, Джейкобсты соққының астына алса, қазір "Канеломен" жекпе-жек болар ма еді? Мен бұлай ойламаймын, сондықтан Оскар Де Ла Хойя (Альварестің промоутері - Авт.) 2018 жылы жұдырықтассын деумен болды. Геннадий Дэнниді нокаутқа түсірсе, бұл жекпе-жегіміз болмай қалар еді. Бұл күлкілі, бірақ Джейкобспен кездесу өткізгеннен кейін Альварестің командасы кенет бізбен жекпе-жек ұйымдастыру туралы айта бастады. Бұл кездейсоқтық дей алмаймын. Бұл орта салмақтағы чемпион мен қолдары жылдам баланың кездесуі. Головкин қашықтықты азайтса және таймингті түсінсе, ол "Канелоны" таптап тастайды деп ойлаймын", - деді Головкиннің бапкері.
Головкин мен Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде бұл бокс кешінің билеттері сатылып кеткен. АҚШ жерінде жекпе-жекті НВО арнасы ақылы жүйе бойынша көрсетеді.