Гонконгте "Қазақстан темір жолы" ҰК ЖАҚ-ның Трансқазақстандық теміржол магистралін тарту жөніндегі жобасының тұсаукесері өтті

Шараға жергілікті үкімет, банк құрылымдары, ірі көлік, құрылыс, өнеркәсіптік және инвестициялық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Бас қосу Еуропалық стандартқа сәйкес жүкті жеткізу мерзімі мен бағасын азайтуға және тасымал жұмыстарының толассыздығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін теміржол магистралін тарту жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыруға Гонконг инвесторларының капиталы мен технологияларын тартуды көздейді.
Қазақстандық өкілдердің жетекшісі, "Қазақстан теміржолы" ҰК ЖАҚ-ның бірінші вице-президенті Қ.Жанғасқин мен магистральдық теміржол желісі дирекциясының басқарушысы Е.Қизатов конференцияға қатысушыларға компанияның алдағы перспективасы, Қазақстандағы теміржол саласы мен ел экономикасының жалпы дамуы туралы әңгімелеп берді.
Жобаға жергілікті инвесторлар үлкен қызығушылық танытып, бұл туралы Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.