Гонконгте Қазақстанның бас консулдығы ашылды

Шараға Гонконгтың үкімет істері жөніндегі бас министрі Дональд Тсанг, қауіпсіздік министрі Амброз Ли Сю Квонг, Қытай сыртқы істер министрлігінің комиссары Янг Вэньчан, заң шығару жиынының мүшелері, партиялардың жетекшілері, жергілікті қоғам, іскерлік және консулдық корпус өкілдері қатысты. Қонақтарға Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы туралы таныстыру жасалды.

Қазақстандық миссияның ашылуына орай жергілікті баспасөз беттерінде ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаевтың жолдауы жарияланды, онда бас дипломат екі ел арасындағы қарым-қатынастың жемісті дамитынына сенім білдірген.
Салтанатты рәсім қарсаңында Қазақстанның бас консулы Болат Сәрсенбаевты Гонконг үкімет басшысы Тунг Чи Хва қабылдады. Кездесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың келешегін, соның ішінде өзара әуе байланысын орнату туралы келісімге қол қою, Қазақстан аймақтарымен арада тікелей байланыстар орнату, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындары арасында өзара тәжірибе алмасу туралы талқылады.