Елді қарғын су басып, халық баспанасыз далада қалғанда біздің байлар Грекия аралдарында яхта жалдап, отшашу атып, арал өртеп жүрді.
Аз-кем журналистік зерттеу жүргізіп, яхтада болған олигархтарға қатысты мынандай мәліметтерге кез болдық. Бұл мәліметтер ашық интернет көздерінен алынды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы блогер Оңғар Қабденнің пікіріне сілтеме жасап.
Қалың шудың ортасында қалған Данияр Абылғазин өмір бойы мемлекеттік қызмет пен квази секторда жұмыс істеген. "Forbes.kz" сайтында оның байлығы 380 миллион доллар деп көрсетілген. Қазақстандық 75 олигархтың тізімінде 21-ші орынға жайғасқан.
Мемлекеттік қызметкерге мынандай байлық қайдан келген?
Данияр Абылғазинді саяси элита Кәрім Мәсімовтың және үлкен күйеу бала Құлыбаевтың "әмияні" ретінде білетін. Қаңтар оқиғасынан кейін Абылғазин тәпішкесінен секіріп, Бозымбавтың кабинетін жағалап кетті деседі. Ел ішіндегі әңгімеге сенсек Қанат мырза Алматы облысында әкім болып тұрғанда Абылғазин Қапшағайдан демалыс базасын да сыйға тартыпты-мыс.
Грекияда Абылғазинмен бірге болған тағы бір қазақстандық ықпалды тұлға ол Үміт Шаяхметова.
"Қазақстан Халық банкі" басқарма төрайымы.
Яхтада болған тағы бір олигарх Данияр Абылғазинның әйелі Айдан Сүлейменова. Айдан ханымның байлығын "Forbes.kz" 4,3 миллиард теңге деп бағалапты. Одан бөлек Айдан Сүлейменова "Аяла" қорын басқарады.
"Аяла" қоры мен Халық банкті не байланыстырады? "Самұрық-Қазынаның" қаржылары осы қор арқылы Халық банкке түсіп ары қарай шетелге шығарылуы мүмкін деген болжамдар да интернет иірімдерінде жүрген. Бірақ, бұл болжам ғана. Қазақы түсінікпен "бай-байға құяды" деп байлардың бірге демалуы заңдылық қой.
Төменде Абылғазиндер отбасының үлесіндегі компаниялардың тізімі.
Данияр Абылғазин АЗС Qazaq Oil, SinoOil және Gas Energy, ТОО «PTC Оperator», ТОО «Petroleum», ТОО «РТИ-АНПЗ», ТОО «SilkwayTransit сынды алпауыт компанияларда үлесі бар.
Әйелі Айдан Сулейменова да алпауыт бизнесмен деуге болады. Оның үлес иелігіндегі ТОО «Viled Group», ТОО «Viled International», ТОО «Viled Fashion», ТОО «Group Lux», ТОО «Premium Beauty» Айдан ханымға қарайды. ТОО «ADD Invest Properties» 100% үлесі бар. Құлыбаевтың жұбайымен бірге ТРЦ Keruen city Astana, ТРЦ Keruen және Астанадағы ТРЦ Talan Gallery, ТРЦ Keruen city Aktobe, Атыраудағы ТРЦ Baizaar басқарады.