Әдетте футбол жанкүйерлері дәл осылай қуанып, өз командасының атауын ұранға қосатын. Бірақ бүгін ерекше жағдай. Мыңдаған грек қала көшелеріне шығып, референдум қорытындысын атап өтті.
Ники Каломири:
-Бұл көрсеткіш ертеңгі күнімізге деген сенімімізді арттырады. Мен өз халқымды мақтан тұтамын. Біз құл болғымыз келмейтінімізді ашық айттық.
«Охи» деген сөз «жоқ» деп аударылады. Грекияның ұстанымын көрсеткісі келгендер оны төсбелгілер мен туларға жазып алған. Яғни жұрт өзінің қатаң үнемшілдік режимімен келіспейтінін айтуда. Себебі олардың мойнында онсыз да ауыр жүк бар. Ол 312 млрд евроны құрайтын мемлекет қарызы.
Рефедендум барысы әсіресе Еуроодақ елдері басшыларының ерекше наразында. Алғашқы қорытындыдан кейін-ақ көпшіліктің Еурокомиссия, Еуропа орталық банкі және Халықаралық валюта қорының ұсынысына қарсы екендігі белгілі болды. Нәтижесінде 62 пайыздық көрсеткішпен жұрт кредиторларға қарсы шықты.
Алексис Ципрас, Грекия премьер-министрі:
-Ертеңгі күннен бастап Грекия келіссөзге отырады. Бірінші мақсат елдің банк жүйесін қалпына келтіру. Сонымен қатар жинақталған қарызды қайта құрылымдау жоспарлануда. Біз жалғыз-ақ шешім көріп тұрмыз. Қарызды 30 пайызға қысқартып, қалғанын 20 жылға бөлу қажет.
Сонымен ендігі сұрақ, не істеу керек? Еуроодақ басшылары бұл мәселені ертеңгі саммитті талқыламақ. Жүздеген миллиард қарызды қайтарудан ашық бас тартқан Грекия еурозонадан да, Еуропалық Одақтан да қуылуы мүмкін. Бұл ретте, одақтың өзі белшеден шығынға батқалы тұр. Ал бұл жолы да Афинаның ығына жығылса, гректердің қолына ауық-ауық қайтарымсыз ақша ұстату керек. Мұнымен көпшілігінің келісе қоюы екіталай. Күрмеуі көп мәселені Еуроодақ басшылары мен қаржы министрлері ертеңгі саммитте, кейінгі қалдырмай шұғыл шешу керек.
Loading...