Грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері өзгерді

Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының сайтында жарияланған хабарламаға қарағанда, Мұратбек Қасымхановты ауыстырған Таңат Өмірзақұлы бұл қызметті бұрын да атқарған. Нақты айтқанда, 1191-93 және 2006-09 жылдары.

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері Т. Сағындықов жаттықтырушылық қызметті 1976 жылы бастаған болатын. Оның шәкірттерінің арасында Олимпиада ойындарының 2 дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Әлем чемпионы Бақтияр Байсейітов, Азияның 2 дүркін чемпионы Марғұлан Әсембеков, Еуропа чемпионы Айваз Качиев, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы Есенгелді Батырғарин және тағы басқа саңлақ балуандар бар. Ұлттық құрама 2013 жылғы алғашқы жиынын АҚШ-та өткізбек. Олар 20 қаңтарда АҚШ балуандарымен бірлескен жиын өткізу үшін Колородаға аттанғалы отыр. Ал 1-2 ақпанда Францияның Париж қаласында болатын Дейв Шульц турниріне қатысатын болады.