Грузияда митингке шыққандар парламент ғимаратын өртеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Ресейлік ТАСС агенттігінің мәлімдеуінше демонстранттар бірнеше сағат бойы парламент ғимаратына қарай петарда лақтырып, отшашу атты. Петардалардың бірі терезеге кіріп, іште өрт шықты.

Әзірге, парламент маңында өрт сөндірушілер келді ме, қызыл жалын ауыздықталып жатыр ма белгісіз.

Айта кетейік, Тбилисиде сенбі күнінен бастап парламент ғимаратының жанында үкіметке қарсы тағы бір шеру өтіп жатыр. Руставели даңғылына ондаған мың адам жиналып, көлік қозғалысы тоқтаған. Полициямен қақтығыс болған жоқ.

Соңғы екі күнде Грузияда халық жаппай наразылыққа шыққан. Тбилисидегі парламентте қарашаның 29-нан 30-на қараған түні күштік құрылымдар шерушілерге қарсы суатқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданған. Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе өз сөзінде бұл «шерушілердің зорлық-зомбылығына» жауап болды, деді.

Екі жақтан да зардап шеккендер бар. Екі күн ішінде полиция 150-ге жуық адамды ұстады.