Грузия парламентінің спикері Нино Бурджанадзенің айтуынша, төтенше жағдай режимін алып тастау республикада қалыпты өмір ырғағына көшуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Грузия президенті М. Саакашвилидің 15 күнге елде төтенше жағдай енгізу жөніндегі шешімін Грузия парламенті 9 қарашада бір дауыстан қолдаған. Декрет Тбилисиде 7 қарашада сан мыңдаған адам қатысқан оппозицияның митингісі мен құқық қорғау органдары арасындағы қақтығыстардан кейін қабылданған болатын.
Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты манифестациялар мен митингілер өткізуге тыйым салынып, ақпарат тарату мен алуға шектеу енгізіліп, соған сәйкес радио мен телевидениедегі ақпараттық бағдарламалар уақытша жабылды. Сонымен бірге, "Кавкасия" телеарнасы мен "Имеди" телерадиокорпорациясының жұмысы тоқтатылды.
Алайда, төтенше жағдай алынған соң АҚШ-тың News Corp медиахолдингінің иелігіндегі "Имеди" телекомпаниясы жұмысын қайта бастамайды. Бас прокуратураның өтініші бойынша Тбилиси сотының шешімен, халықты билікті құлатуға шақырған мемлекетке қарсы іс-қызметі үшін "Имеди" корпорациясының мүлкі тұтқындалып, хабар таратуға берген лицензиясы алынды.
Грузия басшылығының мұндай шешіміне байланысты News Corp қожайыны - медиамагнат Руперт Мердок АҚШ президенті Джордж Буш пен мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа "Имеди" телекомпаниясына қатысты іс-әрекеттер бойынша қарсылық білдіруді сұрады. Өз кезегінде News Corp компаниясының вице-президенті Эндрю Бутчер "Имеди" телекомпаниясының атына айтылған мемлекеттік төңкеріс туралы айыптаулар жлпы News Corp медиахолдингіне қаратып айтылған айыптаумен парапар деп мәлімдеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті