Грузияда президент Михаил Саакашвилиді инаугурациялау рәсімі өтті

Михаил Саакашвили Грузия Конституциясына президенттік ант беріп, осыдан кейін ел халқының алдында сөз сөйледі. Грузияның президенті өзінің екінші рет ел басқару мерзімінде елді кедейліктен арылтып, экономикасын жаңғыртып, Ресеймен арадағы шиеленіскен қатынасты жақсартатындығын және де ЕО пен НАТО бірігуді жалғастыратындығын мәлім етті.

Михаил Саакашвили сөз сөйлегеннен кейін Грузияның Әскери қызметінің Біріккен штабының бастығы полковник Заза Гогава қолбасшылығымен әскери шеру өтті.

Инаугурациялау салтанатына құрметті қонақ ретінде Латвияның, Литваның, Эстонияның, Польшаның және Румынияның президенттері, Украинаның, Ресейдің, Қазақстанның, Арменияның, Азербайжанның, Түркияның, Швецияның, Германияның, Францияның, Ұлыбританияның және АҚШ үкіметінің өкілдері, Түрікменстан мен Чехия парламентінің өкілдері, сонымен қатар ЕО, ЕҚЫҰ мен НАТО өкілдері қатысты.

Жоғары мәртебелі қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инаугурациялау күні төтенше шаралар қабылданды. Тбилисидің орталығында таң сәріден бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, көшелерге патрульдік полицияның қосымша күші шығарылған.

Естеріңізге сала кетейік, Грузияда президент сайлауы 2008 жылдың 5-қаңтарында өткен болатын. Грузияның Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, Михаил Саакашвили сайлаушылардың 54 пайыздай дауысын жинаған. Оның оппозициядан шыққан негізгі бақталасы Леван Гачечиладзеге 25 пайыз дауыс берген.