Телеарналар түсірмейді, радио, баспасөз хабар таратпайды. Тіпті, екінің бірі түшкірсе жариялайтын, ғаламтордан да іздемей-ақ қойыңыз, онда да жоқ. Кезекті есеп беру концертіне дөп түсіп, мұншалықты жасырынудың жөнін сұрадық.
Гүлнәр Сиқымбаева, ҚР-ға еңбегі сіңген әртіс:
- Халық іздеген адамын табады ғой. Іздеп жүріп тапқанды өзім ұнатамын. Қазақконцерт залы жылда толып, үлкен көрермендерім өздері тауып алып, концертіме келеді. Жарнаманы берсең де көргісі келлмейтін адамдарды қалай айдап кіргізесің?
Жарнамасық-ақ, жариясыз-ақ, Қазақконцерттің 500 орындығы толды. Кеште әншінің сонау 35 жыл бұрын басталған өнер жолындағы белгілі ретро әндермен қатар тың туындыларының куәсі болды халық.
Бұл күнде екі ән жазған адам - әнші. Бейнебаян түсіре алғаны – жұлдыз. Ұялы телефоннан ары аса алмай жүргендері Республика сарайында дүркіретіп концерт беріп жатады. Осы тұста, еңбегін ел бағалаған, аты дардай өнер дамының тар сахнаға қамалуының мәнін сұрадық.
- Үлкен, үш-төрт тыңдарманға арналған залдарға халықты айдап кіргізе алмаймыз. Жасыратын түгі де жоқ. Әркімнің әрқандай жағдайы бар. «Барғым келмейді, үйдегі интернеттен көреміз» дейді. Шындығын айтсам, үлкен залды жалдауға сескенемін.
Бүгінгі шоу-бизнестің талабы басқа - кештен, жиыннан, тойдан қалмау керек. Жарқыратып шетелге барып, бейнебаян түсіру тағы бар. Жылына бір үлкен кеш беруің - міндет. Ел ықыласынан шықсын- шықпасын шаруа онда емес. Ал бірнеше ондық жыл тыңдарманын әнімен аялап жүрген Сиқымбаева сынды әншілер одан қорқады, қаймығады. Мақсаты - елге күлкі болмау.
Азат Айбекұлы