Гүлнәзия Зарипова: "Қайырымдылық жасауға халықтың шынайы алғысы итермелейді"

Еліміздің қайырымды және асыл жандары – «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының кейіпкерлері туралы айтудан жалықпаймыз.



Бұл жоба жыл сайын ажалдан арашалайтын, жануарларға көмектесетін, қайырымдылықпен және мәдени игілікті сақтаумен айналысатын жүздеген адамды анықтайды.

Журналист Гүлнәзия Зарипова тележүргізуші әрі әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушы. Өзінің телебағдарламасы мен Instagram парақшасында әлеуметтік маңызды мәселелерді, қоғамның өткір түйткілдерін жиі көтереді, халыққа мемлекеттік төлемдерді алу, тұрғын үй сатып алу және т.б. мүмкіндіктер туралы маңызды ақпаратты бөліседі.

Бұған қоса, Гүлнәзия қайырымдылықпен айналысады. Парақшасында журналистің шарапатын көрген мұқтаж адамдар жетерлік.

Мәселен, өте қысқа мерзімде 14 жастағы Томирис Әлімановаға мүгедектер арбасы сатып алынды. Бұл қыздың өмір сүру сапасының жақсаруына әсер етті.
Гүлнәзияның белсенді оқырмандары павлодарлық журналист Ардақ Сахабұлының емделуіне қаржы жинады. Оған өте сирек кездесетін «Лангергансаклетикалық гистиоцитоз» диагнозы қойылған, отаға 60 мың доллар қажет еді. Гүлнәзия мен оқырмандары қаржы жинауға қомақты үлес қосты.

Көптеген отбасы азық-түлік және басқа да көмек алды. Мен өзім үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты анамын, бір айлықты жеткізу өте қиын. Сол себепті бірінші кезекте жалғызбасты аналарға, көпбалалы отбасыларға көмектесуге тырысамын. Қайырымдылық жасауға халықтың шынайы алғысы итермелейді, - дейді Гүлнәзия.