Гүлнұр Оразымбетова Мақпал Жүнісованың өзін айыптауына қатысты жауап берді

Оның сөзінше Жүнісовамен ештеңеге таласатын ойы да болмапты. Тек фильм продюсері Сиви Махмудидің сұрауы бойынша «Соқыр махаббат» фильміне ән жазып берген.

«Мен ешкіммен ештеңеге таласпаймын. Бұл жерде Мақпал апайымызға Сивидің өзі алдағы уақытта, жағдайды түсіндіріп айтатын шығар. Себебі, мен фильмде тек продюсердің сұрауы бойынша ән орындадым. Жүнісованың  сөзінен кейін тағы анықтай түстім. Сөйтсем, бір фильмге үш ән жазылған екен. Оның бірін «Азия» тобы, бірін мен, бірін Мақпал Жүнісова орындайды»,-деп түсіндірді Гүлнұр Оразымбетова Stan.kz  тілшісіне.


Оразымбетова қызметін пайдаланды деген айыпқа аздап ренжіңкіреп те қалыпты.

«Бұл жерде менің қызыметімнің еш қатысы жоқ. Себебі, бағдарламадан көрсетілуі керек болған үзінді менің әніммен монтаждалыпты. Соны көрген Мақпал Жүнісова бірден ашуланып кетсе керек. Асығыстық жасап қойыпты. Ондай мәселені алдымен бір-бірімізбен сөйлесіп шешіп алуымыз керек еді. Енді ол кісіге ренішім жоқ. Хабарласып жатырмыз. Түсінісеміз ғой»,-деп қысқа қайырды әнші Гүлнұр  Оразымбетова.