Бұл туралы НТК арнасының "Ревю" бағдарламасы хабарлайды.
Қайрат – хитмен, Димаш – дара әнші! Бірі халықтың қошеметін ерте сезінсе, екіншісі қазақты әлемге танытқан талант. Олар өнерде бақталас емес, бірақ бәсеке бар жерде сапаның артатынын жақсы біледі. Құдайберген таяуда Мәскеудің «Кремль» сарайында ерекше шоу ұсынған еді. Санаулы күндерден соң Нұртастың ұлы Дубайда дүрілдетіп кеш өткізді. Алайда, КН командасының концерті, желідегі жұртқа жақпай қалса керек-ті.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Былай жазған: «Димаш шет елге шыққаннан кейін, сіздер де шет елге концерт беріп жатырсыздар ма?» - дейді. Ал мен шет елге концертті Қайраттың 18 жасынан бастап беріп жатырмын ғой. Бір барғанда 14-15 қаласына беріп қайтамыз Қытайға. Үш мың, бес мың, жеті мың, он мың адамның стадиондарына бергенбіз мысалға. Бірінші рет барып жатқан жоқпыз.
Айдарбековтер әулеті Құдайбергенге құрметпен қарап, Димаштың дарынын ерекше бағалайды. Бірақ, қазақтың қос әншісін салыстырғандардың әрекетін әбестікке балап отыр.
Гүлзира Айдарбекова, продюсер:
-Оның 6 октава алатын даусын, Қайрат ала алмайды. Бірақ Қайраттың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы Қайрат Димаш болып туылсам деп армандамайды, Димаш Қайрат болып туылсам деп армандамайды. Әрқайсының өзінің өмір жолы бар.
Қайрат күні кеше ғана Дубайдан келді. Әнші әлеуметтік желіде өзіне бағытталған жағымсыз пікірлерді көз шалып қалғанымен, сырт көздің сынын көп елемейтін көрінеді. Шет елдегі тыңдармандарына ерекше атмосфера сыйлаған ол, түркі елдерінде жоспарлаған турнесін тоқтатпақ емес.
Қайрат Нұртас, әнші:
-Әдемі, әсерлі өтті. Қазақтар сағынып қалған. Қырғыздар, еуропалық ағайындар болды. Француздар болды. 1-2 арабтар болды дегендей. Мұның бәрі қызықты сәттер. Бағаналып жатса, неге қуанбасқа? Мен үшін Дубайдан бастаған, мотивация болды. Ары қарай түркі елдеріне қорықпай бара беремін.