Гуманитарлық өлшем ЕҚЫҰ жұмысында іргелісі болып табылады - Тәжин

"Қазақстан гуманитарлық өлшемді ЕҚЫҰ жұмысындағы ең іргелісі болып табылады деп санайды және оны ұйымның болашақ саяси жетекшісі ретінде өз іс-қызметінің аса маңызды бір негізіне балайды ", - деді М. Тәжин.

Қазақстан сыртқы істер министрі еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасайтынын еске салды.

"Ұйымның іс-қызметіндегі үш өлшем әскери-саяси мәселелерге, экономиканы дамыту мен қоршаған ортаны қорғауға, адам құқықтарына бірдей назар аударуға мүмкіндік береді. Қазақстанның гуманитарлық өлшемде қол жеткізген ең үлкен жетістігі ұлтаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ете алу екені жаппай мойындалған", - деді М.Тәжин.

"Қазақстан осы және басқа да салалардағы өз тәжірибесін ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемдегі мақсаттарына жетуге жауапты институттармен жұмыста пайдаланбақшы", - деді ол.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының діни төзімділік, атап айтсақ, антисемитизм , мұсылмандық және христиандық пен басқа да діндер жөніндегі жеке өкілі қызметтерін құру идеясын қолдады, деді министр. "Ар-ұждан еркіндігі мен діни төзімділік ЕҚЫҰ өз іс-қызметінде басшылыққа алатын басты принциптердің бірі. Бұл принциптерді ілгерілетуде Қазақстанның тәжірибесін үлгі ретінде қарастыруға болады", - деді М. Тәжин.

Ол Қазақстанның бұған дейін екі мәрте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезін өткізіп, әлемдегі басты конфессиялардың рухани көшбасшыларының басын қосқанын, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ның төзімділік жөніндегі жоғары деңгейлі кеңесін өткізгенін еске салды. Қазақстан сонымен бірге "Өркениеттер альянсының" достарының тобына" мүше болып табылады. Осы жылдың қазан айында Қазақстанда мұсылман және батыс елдерінің сыртқы істер министрлерінің "Ортақ әлем: әртүрлілік арқылы прогресс" атты форумы өтеді".

"Біздің пайымдауымызша, өркениеттер мен діндер арасындағы диалогтың арқасында әртүрлілік елдер мен халықтарды ажырататын емес, жақындататын факторға айнала алады", - деді министр.