Үкімет әрдайым халықты отандық өнімді қолдауға шақырады. Себебі ел ішінде шығарылатын өнімдерді сатып алу экономиканы дамытуға, жұмыс орындарын сақтауға және ұлттық өндірісті нығайтуға қосылатын үлес. «Made in Kazakhstan» бренд қалыптастырудағы мағызды белгі екенін айта кеткен жөн. Осындай белгісі бар тауарлар да дүкен сөрелерінде сатылып жатыр. Әрине, қазақстандықтар жергілікті өндірушілерді қолдауға қарсы емес. Керісінше, өз елінің тауарларын сатып алуға дайын. Алайда дүкен сөрелеріндегі бағалар халықтың бұл ниетін су сепкендей басады. Неге? Себебі отандық өнімдер шетелден келетін тауарлармен салыстырғанда айтарлықтай қымбат. Бұл туралы әлеуметтік желіде пікірталас жалғасып жатыр. Сaravan.kz медиа порталының тілшісі экономиспен сұхбаттасып, тақырыпты зерттеп көрді.
Әлеуметтік желіде қазақстандық және импорттық өнімдердің бағасын салыстыратын суреттер тарап жатыр. Халық түсіне алмай отыр. Неге Қазақстанда өндірілетін тауарлар шетелден әкелінген өнімдерден әлдеқайда қымбат? Салдарынан сапасы жоғары болса да, халық отандық өнім үшін артық төлеуге дайын емес.
Осылайша халық орынды сұрақ қойып отыр. Неге өз елімізде өндірілген, өз нарығымызда сатылатын өнімдер импорттық тауарлардан қымбат?
Мәселе: логика мен сөре бағасы сәйкес келмейді
Қарапайым логикаға салсақ, отандық өнім арзан болуы тиіс. Себебі өндіріс ел ішінде, логистика қысқа, кедендік шығын жоқ, жеткізу уақыты аз. Бірақ дүкен сөресіндегі қазіргі баға бұл логиканы жоққа шығарып отыр. Халық бөліскен суреттерді мысалыға алайық.
Ең қарапайым өнім - ас тұзы. Қазақстанда өндірілетін тұздың 900 грамы дүкенде 413 теңгеден сатылып жатыр. Ал Ресейден әкелінген, мыңдаған шақырым жол жүрген тұздың 1 килограмы - 67 теңге.
Тағы бір мысал. Супермаркетте Ресейлік «йодталған» тұз – 67 теңге. Гипермаркетте Қазақстандық «йодталған» тұз – 110 теңге.
«Логикаға салсақ, гипермаркеттерде баға супермаркеттерге қарағанда сәл төмен болуы керек. Алайда бізде бәрі керісінше. Өз елімізде өндірілетін тұз дүкен сөресіне жеткенше мыңдаған шақырым жүріп, Ресейден тасымалданатын тұздан екі есеге жуық қымбат болып шығады. Оның үстіне, Ресейде жанармай біздегіден екі есе қымбат, шекарадан өту, логистика, операциялық шығындар бар. Қарапайым тұтынушы ретінде мен түсінбеймін, неге біздің отандық тұзымыз әкелінген тұздан қымбат?», - деп жазды блогер Азамат Сәрсенбаев.
Келесі мысал - консервіленген ет. Ақтау гипермаркетінде сатылып жатқан қазақстандық ет консервісі 1545 теңге тұрады. Бұл өнім Орал қаласындағы зауытта өндірілген. Ал Ресейдің Новосібір қаласында шығарылған ет консервісі - 1356 теңге. Баға айырмасы - 189 теңге.
«Біздің отандық өнім, логистикаға кететін шығындарды ескерсек, импорттық тауарлардан арзан болуы керек, бірақ неге қымбат?», - дейді ол.
Тағы бір мысал - макарон өнімдері. Қазақстанда өндірілетін «Сұлтан» брендінің макароны 575 теңге тұрады. Ал Ресейде шығарылған «Макфа» макароны - 485 теңге. Спагетти де дәл солай, отандық - 575 теңге, ал ресейлік - 485 теңге. Қазақстандық өнім 20%-ға қымбат.
Кәсіпкер не дейді: салық пен үстеме мәселесі
Бағаның өсуін кәсіпкерлер салықтық жүктемемен де байланыстырады. Әлеуметтік желіде пікір қалдырған кәсіпкердің айтуынша, жеткізушілер бағаларды 20-25 пайызға көтерген. Бұл жаңа Салық кодексінің салдары.
«Кімнің маржасы 20 пайыздан төмен болса, бизнесін жабуға мәжбүр. Ал маржасы 20 пайыз болғандардың өзі нөлдік деңгейге, тым болмаса шығынсыз жұмыс істеуге шықса, соның өзі жақсы нәтиже», - дейді ол.
Яғни отандық өндіруші мен сатушы үшін бағаны төмендету оңай емес. Өндірістік шығын, салық, электр энергиясы, логистика, сауда желілерінің үстемесі - бәрі соңғы бағаға қосылады. Ал импорттық өнімдер көбіне ірі өндіріс көлемінің, төмен өзіндік құнның және ауқымды нарықтың арқасында арзанырақ ұсынылады.
2024 жылғы зерттеу: қазақстандықтар бағаға тәуелді
Бұл үрдісті 2024 жылы жүргізілген зерттеу де растайды. Сарапшылар өнімдік ритейлді талдау барысында Ұлттық статистика бюросының деректерін зерттеп, онлайн-сауалнама жүргізген.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар отандық өнімді сатып алуға дайын, бірақ баға шешуші фактор болып қала береді.
«Тұтынушылар жергілікті өнімді қолдағысы келеді, алайда оның құны импорттық тауардан жоғары болса, артық төлеуге дайын емес. “Made in Kazakhstan” белгісі өздігінен үлкен шығын жасауға итермелемейді», - дейді сарапшы Аңсар Әбуев.
Ақша бар, бірақ таңдау бәрібір бағаға тіреледі
Сауалнамаға қатысқандардың 39,5 пайызы ұзақ мерзімді пайдалануға арналған заттарды сатып ала алатынын айтқан, 34,1 пайызының ақшасы азық-түлік пен киімге жетеді. Яғни халықтың басым бөлігі өзін аса кедей санамайды.
Соған қарамастан, сатып алу кезінде қазақстандықтардың 76,4 пайызы бағаға, 79,1 пайызы өнімнің жарамдылық мерзіміне мән береді. Ал өндіруші елге назар аударатындар небәрі 11,7 пайыз ғана.
Экономист не дейді?
Біз отандық тауарлардың импорттық тауарлардан неге қымбат екенін түсіну үшін қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың пікірін сұрадық. Оның айтуынша:
«Ең алдымен, мәселе көлемде. Өндіріс көлемі артқан сайын өнімнің өзіндік құны төмендейді. Қазақстанда өндіріс көлемі аз болғандықтан, әр тауардың өзіндік құны жоғары болады. Тек өндіріс көлемін ұлғайтқанда ғана баға арзандай алады. Сол себепті логистика шығындары мен кедендік баж салығын есептегенде де импорттық тауар арзан болып отыр».
Сарапшының пікірініше, мәселені шешудің бір ғана жолы бар.
«Отандық өнімді арзандатудың бір ғана жолы бар - масштабты өндірісті дамыту. Бірақ біздің ішкі нарық кішкентай болғандықтан, оны жүзеге асыру қиын», - деп түйіндеді маман.
Қорытындылай келе, қазақстандықтар отандық өнімнен саналы түрде бас тартып отырған жоқ. Халық қалтасы көтеретін, әділ бағалардың болғанын қалайды. Әзірге дүкен сөрелеріндегі жағдай бір шындықты көрсетіп отыр: импорт арзан, отандық өнім қымбат.
Оқи отырыңыз: "Made in Kazakhstan" жобасы неге жұмыс істемейді? Ірі супермаркет желілері отандық өнімді менсінбей отыр ма?