16-ғасырда христиан-англикан шіркеуінің епископы болған белгілі Джон Хупер қазіргі халықтың күйін айтып кеткен екен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Ол сол сыни ойы үшін тірідей өртенген. Бұл туралы Жоламан Бұлан жазыпты.
«Адамдар үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш жүргенде қымбат әрі люкс ғибадатханалар (шіркеу) тұрғызып, оның ішінде Құдайға алақан жайып, дұға ету – екіжүзділік!» - депті Джон Хупер
Джон Хупер (1495-1555) – 16-ғасырда христиан-англикан шіркеуінің епископы болған. Негізінде ол 1519 жылы Оксфорд университетін бітірген білімді адам болған деседі ақпараттар. Кейін ол католиктер мен православтарды сынға алып, протестанттық бағыттың өкілі болған. Сол себепті ол дінбұзар ретінде айыпталып, 1955 жылы жазаға тартылған. Жазаға тартылғанда католиктер оны отқа өртеп жіберген.
Орта ғасырда батыс әлемінде шіркеу өте ықпалды басқару құрылымы болған. Сол кезеңде дінге (христиандыққа, шіркеуге) сыни көзбен қарап, қарсы пікір айтуға, талдау жасауға рұқсат етілмеген. Өйткені ол кезеңде батыста дін зерттелетін сала емес, иман етілетін, мойынсұнылатын қасиет ретінде ғана қарастырылған. Діннің мәні мен мазмұнын шіркеу біледі, шіркеу өкілінен басқасы діннің негізі мен Інжілді дұрыс түсіне алмайды деген түсінік басым болған. Сол себепті шіркеу өкілінен басқасының дін (христиандық) туралы, Інжілге қатысты сөз қозғауы – күнә, шіркеуді, шіркеу қызметкерін сынау – Құдайға қарсы келу, ол өте үлкен қылмыс саналған. Осылайша орта ғасырда шіркеу дін саласында монополия жасап, діни мәселеге қатысты адамдардың сенім, сөз, ой бостандығын шектеген. Шіркеудің діни салада монополия болғаны соншалық, шіркеуді сынаушылар немесе қайшы көзқарас айтушылардың бостандығы мен өміріне қауіп төнетін. Өйткені билік оларды шіркеудің нұсқауы бойынша ауыр жазаға тартатын.
Мысалы, Галилео Галилей (1564-1642), Джордано Бруно (1548-1600) сынды әйгілі ғалымдар жеке әрі ғылыми (жер дөңгелек деген секілді) көзқарастары себепті дінге, Інжілге қайшы сөз айтты, ауыр күнә жасады, күпірлікке кірді деген айыптаумен инквизиция соты бойынша қатаң жазаға тартылған. Галиле сот алдында көзқарасынан бас тартқанын айтып, өлім жазасынан құтылса, Бруно тірідей отқа өртелген.
Инквизиция (жауапқа тарту) – папалық иерархия мен монополияға қарсы адамдарды, папалық билікті мойындамайтындарды, еркін ойлайтындарды сұраққа, жауапқа тартуға және жазалауға арналған ресми сот. Инквизиция сотындағы ең жеңіл жаза – шіркеуден қуу, христиан бауырластығынан айыру болса, ең ауыр жаза – тірідей отқа өртеп жіберу болған.
Міне, сол кезеңде сыни көзқарасы себепті отқа өртелгендердің бірі – Джон Хупер болған.
"Жалпы қоғамда, көпшілікте азық-түлік, білім алу, баспана, таза су, жол секілді негізгі қажеттіліктерге мұқтаждық бар кезде, оны реттемей, билік өкілдерінің де, халықтың да қымбат әрі люкс дүниелерге әуестенуі, онымен мақтануы дұрыс емес. Сау адамның ісі емес. Мысалы, жол салмай қымбат көліктерге міну, люкс тойханалар салу, қымбат той өткізу т.б.", - деп жазыпты Жоламан Бұлан.