Халық дәріханадан дәрі алғанда оның қауіпсіздігіне күмәнданбауы керек - Аймағамбетов

Елімізде жалған әрі сапасыз дәрі-дәрмектерге қатысты бақылау күшейтілді. Енді қауіпсіздігі күмән тудыратын дәрілер сөрелерде айлап тұрмайды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін тексеру барысында қауіпті дәрі-дәрмек анықталғанның өзінде, заң бұзушының қызметін тоқтату тек сот шешімі арқылы жүзеге асырылатын. Ал сот процесі аяқталғанға дейін күмәнді өнім апталап, тіпті айлап дәріхана сөрелерінде қала беретін.

Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйеніп, заңсыз сатылған дәрілік өнімдердің саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, 2022 жылы заңсыз өнімнің 151 атауы анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21 мыңнан астам бірлікке жеткен.

Сондай-ақ таңбалау жүйесі мемлекет пациенттер үшін сатып алған тегін дәрілердің кейбірі екі рет есептен шығарылғанын анықтаған. Оның пікірінше, бұл дәрінің өндірушіден бастап нақты пациентке дейінгі қозғалысын толық бақылаудың маңызын көрсетеді.

Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа түзетулердің нәтижесінде жалған немесе сапасыз дәрі-дәрмек анықталған жағдайда мемлекеттік органдар сот шешімін күтпей-ақ заң бұзушының қызметін тоқтатып, тиісті тексеруді бірден бастай алады. Осылайша қауіпті өнімдер сатылымнан дереу алынады.

Сонымен қатар енді дәрілік заттардың зертханалық тексеруіне қажетті үлгілерді мемлекеттік бақылау органдары өздері іріктейді. Бұған дейін мұндай үлгілерді өндірушілердің өздері ұсынатын. Депутат мұндай тәжірибе бақылаудың тиімділігіне кері әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселені бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Жоғары аудиторлық палата да көтерген.

«Егер дәрі адам денсаулығына қауіп төндірсе, мемлекет сот шешімін бірнеше ай күтпей, оны бірден сатылымнан алып тастауы тиіс. Денсаулық мәселесінде әрбір кешіккен күннің өзі – қауіп», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.