Халық кремация идеясын қолдамайды: Aлматыдағы 1,5 млрд теңгелік крематорий қалай салынды?

Алматыда құрылысы ұзақ жылдарға созылған крематорий жақын уақытта ашылады. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан видеолар мен ақпарат нысанның қолданысқа берілуге дайын екенін растап отыр. Жаңалық қоғамды таңқалдырып қана қойған жоқ, наразылығын да тудырды. Ел тұрғындары жалпы кремация идеясын қолдамайды. Көпшіліктің пікірінше, бұл еліміздің дәстүрі мен дүниетанымына сай келмейді. Десек те, бұл туралы айтуға енді кеш. Қазір нысанның құжаттары мен қызметтердің бағалары пысықталып жатыр. Сондықтан бұл материалда Caravan.kz медиа порталының тілшісі крематорий құрылысына қанша қаражат кеткенін, оған кім жауапты болғаны жайлы егжей-жеглейлі сараптама ұсынады. 

Крематорийдің іске қосылатыны туралы тақырыпты алғашылардың бірі болып журналист Гүлмира Әбіқай көтерді. Жарияланған ақпаратқа сүйенсек, нысан Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының еншісінде. Дәл қазір кремацияға қатысты прайс-лист нақтыланып жатыр. ҚР Әділет министрлігі жерлеу қызметіне қатысты үлгілік қағидаларға енгізілген өзгерістерді тіркеді. Бұл өзгерістер Қазақстанда алғаш рет кремация рәсімін заң жүзінде рұқсат етіп, крематорийлердің жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырды.

Жалпы бұл нысанның құрылысы ондаған жылдар бұрын басталған. Осы уақыт аралығында жобаға қырауар қаражат құйылды. Бастапқыда жүздеген миллион теңгеден басталған шығын көлемі уақыт өте келе 1,5 млрд теңгеден асты. Shishkin_like арнасының мәліметінше, нысанның құрылысымен екі негізгі мердігер айналысқан. Ғимаратты салуға «Mega Build Kazakhstan» ЖШС, ал инженерлік желілерді жүргізуге «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жауапты болған. Соңғы компания Алматы әкімдігінің талап арызы бойынша сот шешімімен жауапсыз мердігер деп танылды. 

Алматы крематорийінің тарихы

Алматыда крематорий салу мәселесі жаңа тақырып емес. Бұл туралы 1980-жылдары да айтылған. Ал нақты жоба 2011 жылы  «Арнаулы жерлеу қызметтері комбинаты» тарапынан әзірленген. Бастапқыда крематорийді шетелдік инвесторлардың қатысуымен салу жоспарланған. Алайда келіссөздер нәтижесіз аяқталып, жоба ұзақ уақытқа тоқтап қалды.

2014 жылы билік бұл мәселеге қайта оралды. Крематорийді бюджет есебінен салу ұсынылды. Ол кезде нысанның құны шамамен 5 млн АҚШ долларына бағаланғанған, алайда қаржыландыру бекітілмеді. Жоба тек 2020 жылы қайта жанданды. Сол жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тендер жарияланып, оған 46,8 млн теңге бөлінді. Ал крематорийдің жалпы құны 1,3 млрд теңге деп белгіленді.

Техникалық құжаттамаға сәйкес, крематорий екі пеші бар, бір залдан тұратын нысан ретінде жоспарланды. Ол Алатау ауданындағы жаңа мәйітхана ғимаратының маңына салынуы тиіс еді. Құрылыс жұмыстарын 2020 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген болатын. 

Ғимарат дайын, бірақ… 

2023 жылы «Власть» басылымы крематорий құрылысы сол жылдың қараша айында аяқталады деп хабарлады. Алайда ғимараттың өзі 2021 жылдың желтоқсанында салынып біткен болатын. Ал инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары жобадағы өзгерістерге байланысты созылып кеткен. Мысалы, бюджет үнемдеу мақсатында қазандықты дизель отынынан табиғи газға көшіру туралы шешім қабылданды. Сол кезеңде журналистердің сауалдарына жауап берген Құрылыс басқармасы крематорий Қалалық патологоанатомиялық бюроның балансына берілетінін хабарлаған.

2024 жылдың соңында нысан ресми түрде пайдалануға берілген, алайда крематорийдің қызметін реттейтін санитарлық нормалардың болмауына байланысты ұзақ уақыт кімнің балансында болатыны анықталмай келді. Себебі Қазақстанда крематорийлердің қызметін реттейтін санитарлық нормалар мен ережелер болмаған. Бұл мәселе тек 2025 жылдың қыркүйегінде шешімін тапты. Құжаттар толық әзірленгенге дейін крематорийді уақытша күтіп-ұстау міндеті Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жүктелді.

Крематорий қай жерде орналасқан?

Қоғамдық кадастрлық карта деректеріне сәйкес, крематорий Алматы қаласының Көкқайнар шағынауданында орналасқан. Жалпы аумағы 0,7 гектар жер учаскесімен бірге нысан Қалалық патологоанатомиялық бюроның уақытша өтеусіз пайдаланылуында. Крематорий ғимаратының ішінде қоштасу залы, кремация пештері орналасқан залдар, сондай-ақ мәйіттерді уақытша сақтауға және күлді сақтауға арналған арнайы бөлмелер бар.

Бұған дейін кремация қалай жүргізілді?

Айта кетейік, осы уақытқа дейін қазақстандықтар кремация қызметін тек шетелде ғана пайдалана алатын. Бұл рәсім ресми түрде рұқсат етілген және санитарлық әрі құқықтық талаптарға сай жүргізілетін елдерде жүзеге асырылды. Мысалы, «Авто-Ритуал» компаниясы мәйітті Ресейдің Новосібір қаласына шығарып, кремация жасау қызметін ұсынады. Оның құны 400 мың теңгеден басталады. Қызмет пакетіне тасымалдау, крематорийде рәсімді өткізу, күл салатын ыдыс және барлық қажетті құжаттарды рәсімдеу кіреді. Ал алматылық крематорий қызметі қанша болатыны әлі әзірлену үстінде екенін Tengrinews.kz хабарлады.

Крематорийді кім салды?

Алматы қаласының Құрылыс басқармасы жариялаған тендерді 2021 жылы «Mega Build Kazakhstan» ЖШС жеңіп алды. Келісімшарт бір көзден алу тәсілімен жасалған. Бастапқыда құрылыс құны 228,8 млн теңге болса, кейін бұл сома бірнеше рет өзгеріп, 1,5 млрд теңгеге дейін өсті. Компания 2001 жылы тіркелген. 2015 жылдан бері мемлекетке төлеген салық көлемі 590 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы - Ерлан Халықов. Алайда мемлекеттік тапсырыс компанияның бұрынғы құрылтайшылары кезінде алынған.

Материал дайындалған уақытта «Mega Build Kazakhstan» ЖШС-нің қаржылық және құқықтық мәселелері бар екені белгілі болды. Компанияның құрылтайшы үлесіне ауыртпалықтар салынған, банктік шоттары мен мүлкіне тыйым қойылған. Сондай-ақ 39,3 млн теңгеден астам қарызы және 23,7 млн теңгеден асатын салық берешегі бар.

Инженерлік желілер және сот дауы

Инженерлік желілерді тартуға «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жауапты болған. Компания 2006 жылы Жамбыл облысында тіркелген. Adata.kz мәліметінше, негізгі келісімшарт 2021 жылы жасалып, оның сомасы 147 млн теңгені құраған. Кейін қосымша келісімдер арқылы бұл сома 226 млн теңгеге дейін ұлғайған.

2023 жылы мердігер жұмыстардың 95 пайызы орындалғанын хабарлады, десе де, нысан толық аяқталмады. Құрылыс мерзімі газ құбыры трассасының өзгеруіне, ауа райының қолайсыздығына және материалдардың қымбаттауына байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді.

Ақыры Алматы әкімдігі сотқа жүгініп, 2024 жылы «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушысы деп танылды. Сот шешімімен компания 2,8 млн теңге айыппұл төлеп, нысанды бір ай ішінде аяқтауға міндеттелді.

Қазіргі таңда компанияның 61,3 млн теңге көлемінде атқарушылық өндіріс бойынша қарызы, сондай-ақ 24,8 млн теңге салық және кедендік берешегі бар. Соған қарамастан, «ТаразҚұрылысИнвест» мемлекеттік сатып алулар саласындағы ірі мердігерлердің бірі саналады. Компанияның жалпы сомасы 77,5 млрд теңгені құрайтын 351 келісімшарты бар.

Қызу талқыға түскен крематорий туралы шу әлі басылған жоқ. Пайдалануға беріледі деген ақпарат тараған сәттен бастап, халық жаппай пікір білдіре бастады. Журналист Гүлмира Әбіқайдың жазуынша, тірі жанды отпен жазалауға болмайды. 

«Адам денесін өртейтін пеш туралы талқылауға енді уақыт жоқ сияқты. Десе де, Алматыда, ірілі-ұсақты 70-ке жуық бейіт бар, мұнда артық орын, жер жоқ. Ал, Шариғатқа келсек, “Тірі  жанды отпен жазалауға болмайды. Адам өлі болса да, тірі болса да құрметке лайық. Мұсылман баласының қатаң белгіленген жерлеу рәсімі сақталған, одан ауытқу құпталмайды”. Енді крематорийді неге салдық? Заңымыз дәстүр мен ғұрыпқа  қарсы жұмыс істей ма?», - деп шүйлікті журналист. 

Кремация ережесіне тоқталсақ,  мәйіттерді арнайы ағаш табыттарға салып өртейді. Кәдеге рұқсат етілмейтін жеке заттарды (телефон, пластик бұйымдарды) крематорий қызметкері алып қояды. Улы зат  ауаны ластамау қажет). Пеш 1000 градуста жанады. Мәйітте метал  протездер, имплант т.б. заттар болса болса шығарылады. Бір денені өртеу шамамен 2 сағатқа созылады екен.

Кремацияға бөгде адам қатыспайды, марқұмның туыстарына күл салынған ыдысты ғана береді.

Крематорий қоршаған ортаға зиян келтіре ме?

Кремация жерлеуге қарағанда экологиялық тұрғыдан тиімдірек деп есептеледі, алайда оның да кемшіліктері бар. Бір адамды кремациялау үшін 285 кВт/сағ газ және 15 кВт/сағ электр энергиясы қажет. Бұл үдеріс кезінде бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшері бір автокөліктің шамамен 800 шақырым жол жүргендегі шығарындыларымен шамалас. Кремация барысында басқа да зиянды химиялық заттар бөлінеді. Мысалы, тіс пломбаларында болатын сынап. Улы сынап қайтадан жерге түсіп, аса улы метилсынапқа айналуы мүмкін және әртүрлі азық-түлік өнімдерін ластайды. Метилсынапты жұту әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті, себебі сынап ұрықтың дамып келе жатқан жүйке жүйесіне зақым келтіреді. 

«Кремация кезінде атмосфералық ауаға ластаушы заттар мен қалдықтар бөлінеді. Кремация қоршаған ортаға ластаушы заттардың бір сәтте түзілуіне және бөлінуіне әкеледі. Сонымен қатар, крематорийлерде мәйіттерді термиялық деструкциялау үшін табиғи газ пайдаланылады. Оның жануы да атмосфералық ауаға ластаушы заттардың түзілуі мен таралуына себеп болады. Сондықтан крематорийлер қоршаған ортаға зиянды әсер ететін нысандар болып табылады. Оның қуаты неғұрлым жоғары болса, әсері де соғұрлым күштірек», — дейді эколог Денис Дубовец.