Халықаралық қауымдастық Қазақстанды орта держава деп бағалап, өзінің клубына тарта бастады. Біз бақыттымыз ба?

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев соңғы жылдары еліміздің беделінің өскеніне не себепші болғанын жан-жақты түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Экономика

Жалпы ішкі өнім 2018 жылғы қорытынды мөлшер – 61,8 триллион теңгеден 2023 жылғы қорытынды сан бойынша – 119,2 триллион теңгеге дейін өскен. Алты жылда біз теңгелей ІЖӨ-ні екі есеге арттыра алдық. Сыртқы сауда айналымы 2018 жылғы 78,7 миллиард доллардан 2023 жылы 139,8 миллиард долларға дейін өскен. ССА бойынша 77,6 пайызға өстік, оның ішінде экспорттың доллармен өсуі 29% болды. Инвесторлар кез-келген елге келу алдында рейтингтенге қарайды, біздің барлық салаларда өсуіміз рейтингтің артуына алып келді. Қазақстан жағымды инвестициялық рейтинг иеленіп отырған ТМД-дағы жалғыз мемлекет.

S&P бойынша бізде ВВВ-/А-3 Тұрақты болжамы рейтингі бар. Fitch бойынша ВВВ ұстап отырмыз. Moody's аясында биылғы біздің болжам тіпті тұрақтыдан оң деңгейіне өсті.

Халықтың өмір сүру сапасын алып қарасақ, 2019 жылы ең төмен жалақы 42 500 теңгені құраса, биылғы 1 қаңтарда бұл сома 85 мыңға жеткен. Байқасақ, 5 жылда екі есеге өсті. Ең төменгі зейнетақы көлемі де айтарлықтай артып, 2019 жылы 36 мыңнан, 2024 жылы 58 мыңға жеткен.

Осы тұста биылдан бастап ресми түрде іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жайлы да айтпай кетпеске болмас. 1 ақпанда 18-ге толмаған балалардың бәріне 100 доллар шамасындағы қаражат аударылған болатын. Осылайша, бағдарламаға 6 миллион 919 мың 131 бала қатысып, 695,5 миллион доллар қаражат алған. Кәдімгідей қомақты сома.

Инновация

Қазақстан толық цифрлі мемлекеттер қатарында. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн, 85%-ы смартфон арқылы қолжетімді. БҰҰ рейтингінде Қазақстанның әлемдегі цифрландырылған елдердің арасында 28-ші орынға жайғасты. Ал онлайн қызмет бойынша, тіпті, оқ бойы озып шығып, әлем елдері арасында 8-ші орындамыз. Расымен де онлайн қызметтердің қолжетімділігі өмірімізді айтарлықтай жеңілдеткені дау туғызбайды. Бұл да болса Тоқаевтың әр сөзінде цифрландыруды дамыту жайлы тапсырмалар беріп, аталмыш салаға көп көңіл бөліп отырғанының нәтижесі.

Әлеумет

Бүгінгідей білімді мыңды жығатын заманда білім саласына да жеткілікті көңіл бөлінуде. Осы аралықта «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Сондай-ақ 5 жыл ішінде 477 мың орындық 791 мектеп ашылды. Қазір болса 740 мың орындық 369 жаңа мектеп қамтылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Бұл балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жақсы бастама.

Осы тұста заңсыз шетел асқан қаражаттың да елге қайтарылып жатқанын, бұл істің Тоқаевтың жеке бақылауында екенін және қайтарылған қаражаттың халық игілігіне жұмсалып жатқанын да айта кетсем. Осы қайтарлыған қаражат есебінен қаржыландырылып жатқан жобалар арасында «Жайлы мектеп» те бар.

Әйелдердің мәртебесі артып, балалар мен әйелдерді қорғау туралы заң күшіне еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетушілерге жаза күшейгені тағы бар. Бұл кілт етсе, жұдырық ала жүгіретін ер-азаматтардың қолына тұсау болды десек те болады.

Осының бәрін қорыта келгенде, Қазақстан халқы соңғы жылдары бақыттырақ бола түсті ме деген сұраққа жауап іздесек. Сонымен, World Happiness Report рейтингінде Қазақстан айтарлықтай жоғарылаған екен. 137 ел қатысқан бұл зерттеуге сүйенсек, Қазақстан бақыт индексі бойынша 2019 жылы 60 орында болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 44 орынға дейін көтерілген. Бас-аяғы 4-5 жылда 16 орынға алға жылжу, ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіш.

Біз шынымен бақыттымыз. Себебі тоқтап қалмай, аздап болса да алға кетіп барамыз. Қателіктерімізді, кемшіліктерімізді білеміз, мойындаймыз. Соны шешуге ұмтыламыз. Бұл өте жақсы үрдіс. Алдағы жылдарда оң өзгерістер саны бұдан да көп болады деп күтемін.