Халықтың шығыны артты: Елімізде дәрі-дәрмек бағасы 70 пайызға дейін қымбаттады

Қаңтар–тамыз айларында өте көп қолданылатын бірқатар дәрілік заттардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 70%-ға дейін қымбаттаған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының тұтыну бағалары индексіне қатысты деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Ең қымбаттаған дәрілерге тоқталып өтейік. 

Белсендірілген көмірдің бағасы бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 66,7 пайызға өскен. Одан кейінгі орында ацетилсалицил қышқылы тұр. Оның бағасы 61,3 пайызға, ал парацетамолдың бағасы 52,3 пайызға өскен.

Бұдан бөлек:

-Но-шпа +37,6

-Смекта +29,8

-Корвалол +29,6

-Омез +22,9 

-Хилак форте +21,2

-Магне B6 +20,7

Жалпы дәрі-дәрмек, емдік жабдықтар мен медициналық аппаратура кіретін санаттың бағасы тамыз айында шілдемен салыстырғанда 2,2 пайызға өскен. Ал бір жылдағы өсім 20,8 пайызды құрады.

Тұрғын үй мен коммуналдық қызметтер де қымбаттады

Дәрі-дәрмекке кететін шығынмен қатар, тұрғын үй мен күнделікті тұрмысқа қажетті қызметтердің бағасы да өскен.

Тамыз айында абаттандырылған тұрғын үйді жалдау құны бір айда 4,6 пайызға қымбаттады. 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда өсім 8,6 пайыз болды.

Газ бағасында бұдан да жоғары өсім тіркелді. Тамыз айында оның құны бір айдың ішінде 29,5 пайызға, ал жыл басынан бері 34,9 пайызға өскен.

Ал орталық жылу жүйесін пайдаланатын тұтынушылар үшін әзірге өзгеріс болған жоқ, тамызда орталық жылу бағасы бұрынғы деңгейде сақталды. Электр энергиясы 0,9 пайызға, ыстық су 1 пайызға, суық су 0,5 пайызға қымбаттады.

Инфляция 9,8 пайызға жетті

Тамыз айындағы жалпы инфляция 0,6 пайызды құрады. Жыл басынан бері тұтыну бағалары 6,4 пайызға, ал жылдық мәнде 9,8 пайызға өскен.

Бағаның жалпы өсуін кейбір тауарлар мен қызметтердің арзандауы тежеді. Мәселен, тамызда жеміс-жидек пен көкөніс бағасы 3,6 пайызға, көлік қызметтері 0,6 пайызға, ал автокөлік бағасы 1,8 пайызға төмендеді.

Дегенмен жекелеген тауарлар мен қызметтер бойынша бағаның айтарлықтай өсуі халықтың күнделікті шығынына әсер етуде. Әсіресе дәрі-дәрмек бағасының өсуі тұрақты ем қабылдайтын немесе дәріханаға жиі жүгінетін азаматтардың бюджетіне қосымша салмақ түсіруі мүмкін.