Яғни, енді қазақстандықтардың қанша табатыны емес, қалай өмір сүріп жатқаны маңызды болмақ. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты. Нақты не өзгереді? Халыққа әсері қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.
Оның сөзінше, мемлекет кімнің қайда ұшқанын, қанша төлегенін, қандай мүлік алғанын, тіпті бәс тіккеніне дейін көре алады. Мұның барлығы мемлекеттік қорлар біріктірілгеннен соң мүмкін болмақ. Яғни, 2027 жылдан басталады. Ұшақ билеттері, шетелден әкелінген тауарлар, жылжымайтын мүлік, валюталық операциялар туралы ақпараттар бір жерге жинақталады.
«Ал егер шенеунік 2 миллионға ұшып, 5 миллионға тауар әкелсе, ал айлығы 1 миллион теңге болса, не болады?», - деген сұрақ қойды тілшілер.
Жауабы екіұшты. Егер жұбайы декларация тапсырса, сұрақ туындамайды екен. Логика қарапайым: табыс бар ма? Бар. Кімде? Жұбайында. Сұрақ бар ма? Жоқ.
Енді қарапайым халықтың жағдайына тоқталайық. Оларға келгенде заң қатаң жұмыс істеп, сауал да көбейіп кетеді.
Айта кетейік, шенеуніктердің жұбайлары декларация тапсырғанда, кімнің қандай табыс табатыны анық көрінеді. Осы айдың басында Ақорда сайтында мемлекеттік қызметкерлердің 2024 жылғы табысы туралы ақпарат шықты. Осы құжатқа зер салсаңыз, нақты кімнің қандай кірісі барын көруге болады.
Мысалы, Алматының экс-басшысы, қазіргі Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаевтың табысы жалақысын қоспағанда, 14 миллион теңге болса, жұбайы Гүлнәр Досаева 2 млрд 300 миллион теңге. Бұл жай айырмашылық емес, қаржылык симфония сияқты.
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтың өз табысы 0 теңге болса, жұбайының табысы 24 млн 900 мың теңге.
Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеевтің жұбайы Мадина Бектұрғанова 48 млн теңге, мемлекеттік инспектор Батыржан Байжұмановтың жұбайы 2,6 млн теңге табысын жариялаған.
Реформа шын мәнінде әділ болуы үшін, табыс пен шығыс тек халыққа емес, билікке де бірдей қолданылуы керек. Экономист-ғалым Сапарбай Жобаевтың айтуынша, билікке халықтың не істегені емес, сол әрекеттеріне қайдан ақша тапқаны маңызды.
«2006 жылы Қазақстанға көшіп келгенімде, 2010-2011 жылдары толық декларация енгіземіз, бәрі ашық болады, жемқорлықты жоямыз деген еді. Содан бері 20 жыл өтті, сол баяғы әңгіме. Жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Негізі бүкілхалықтық декларация керек, ол ашық болуы керек. Бұл әлемде қолданылатын тәжірибе. 150 жылдан бері Еуропа елдерінде қолданылады», - дейді сарапшы.
Жоғарыдағы құжаттағы шенеуніктердің табысына қарасақ, кейбіреулері табысын 0 теңге деп көрсеткен. Ал сол шенеуніктердің жұбайлары керісінше, миллиондаған табысты көрсеткен.
Осыдан кейін халық арасында заңды сұрақ туындады: егер шенеунік мемлекеттік қызметте жұмыс істесе, қалайша оның жалақысы нөл болып көрсетіледі? Бұл қаншалықты дұрыс және ашық?
Бірінші деңгейлі салық сарапшысы Жанна Ибраева түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау жүйесінде жеке тұлға өз жалақысын, зейнетақысын немесе дивидендтерін міндетті түрде көрсетуге тиіс емес. Себебі бұл табысты төлеп отырған ұйым, яғни жұмыс беруші компаниялар мен мемлекеттік мекемелер өздері көрсетеді және барлық салықтық аударымдарды да солар жүзеге асырады. Бұл бір ақпаратты екі рет қайталамас үшін ойластырылған жүйе дейді маман.
«Яғни адам компаниядан немесе мемлекеттік органнан жалақы алады, бірақ жеке декларациясында оны көрсетпейді. Ал ұйым өз есебінде бұл деректерді толық береді. Соның салдарынан қарапайым азаматтар үшін бір шенеуніктің немесе ауқатты адамның нақты қанша табыс білу іс жүзінде мүмкін емес. Өйткені заңда мұндай талап қарастырылмаған», - дейді маман.
Қоғам көре алатын ақпарат — тек жалақыдан тыс табыстар. Мәселен, бағалы қағаздар, жылжымайтын мүлік, өзге активтер. Ал айлық жалақы халық үшін жабық күйінде қалып отыр.
Декларацияның басты мақсаты - ашықтықты қамтамасыз ету. Сондықтан халықты тексермес бұрын, бірінші сол шенеуніктерден бастаған дұрыс дейді экономист.
Салық маманының айтуынша, қазірдің өзінде кірісі мен шығысы сәйкес келмейтіндер үшін жауапкершілік қарастырылған.
«Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабында жазылған: Егер сіздің табысыңыз бір жылды бір миллионнан аса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу керексіз. Солайша салық төлейсіз. Ол үшін алдымен 30 күн береді, сол уақыт ішінде бәрін заңдастыру керек. Егер жасамасаңыз, онда есепшоттарыңыз бұғатталады да, үстінен пайыз жүреді. Қарыз ұлғая береді. Жеке тұлғаларға да қатысты. Қазіргі аударымдарды мысалыға алуға болады», - дейді сарапшы.