Жаңа жылға дейін екі ай қалды. Сарапшылар халықтың жағдайына алаңдаулы, айтуларынша олардың табысы үш есеге қысқаруы мүмкін. Елдің бюджеті мен экономикалық реформалар осындай қорытындыға сай. Экономистердің айтуынша, халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендейді. Ал келер жылы жалақы не болмақ, оны қаншалықты көтеру қажет және бұл мәселеге үкімет қалай қарайды? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
«Бюджет тапшылығы»
Демалыс күндері қаржы маманының өткір пікірі әлеуметтік желіде тарап, кең талқыланды.
«Иә, бюджет тапшылығы бар. Мемлекет, қарапайым тілмен айтқанда, өз міндеттемелерін орындауға қаражат таппай отыр. Сонда не істейміз? Әрине, бағаны көтереміз. ТКШ жетпей жатыр - тарифтерді өсіреміз. Жанар-жағармай жетпей жатыр - бағаны көтереміз», - дейді экономист Айдархан Құсайынов.
Табыс үштен бірге дейін азаюы мүмкін
Жаңа жылдан бастап қазақстандықтардың нақты табысы үштен бірге дейін төмендеуі мүмкін, дейді мамандар. Бұған басты себеп - ел бюджетінің құрылымы мен алдағы салық реформасы.
Мәжіліс депутаттары мақұлдаған құжатқа сәйкес, мемлекет салық түсімдерін көбейтіп, сонымен қатар шығындарды жалпы ішкі өнімнің шамамен 7 пайызына дейін қысқартпақ. Қарапайым тілмен айтқанда, экономикадағы ақша айналымы азаяды. Яғни, мемлекет аз береді, ал халық көп төлеуге мәжбүр.
«Егер Ұлттық статистика бюросының халық табысы мен шығыны жөніндегі деректеріне қарасақ, қазір азаматтар жыл сайын шамамен ЖІӨ-нің 18 пайызын жұмсайды. Ал егер соның 10 пайызын қысқартса, бұл екі есе азаяды деген сөз. Шикізатқа қатысы жоқ салада, яғни халықтың 90 пайызы еңбек ететін жерде нарық айтарлықтай қысқарады. Сәйкесінше, жалақы өседі деп күтудің қажеті жоқ. Керісінше, халықтың нақты табысы қатты төмендейді. Егер айтылған жоспарлар жүзеге асса, табыс расымен үштен бірге дейін азаюы мүмкін», - дейді экономист Марат Қайырленов.
Жалақы бағаның өсуіне ілесе алмай отыр
Жалақының үш есе азаюы әлі болжам. Десе де басқа сарапшылар халықтың сатып алу қабілеті міндетті түрде төмендейтінін айтады.
Елімізде ең минималды жалақы бірнеше жылдан бері өзгерген жоқ. Ол - 85 мың теңге. Мұндай жалақыны шамамен 2 миллион қазақстандық алады. Ал базалық төлеммен қоса есептегендегі ең төменгі зейнетақы шамамен 105 мың теңгені құрайды. Баға еш тоқтаусыз өсіп жатқан жағдайда бұл өте аз көрсеткіш, дейді аналитиктер.
«Жаңа жылдан бастап Салық кодексі күшіне енеді. Қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесін енгізу барлық тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бағасын өсіреді. Бұл экономикалық заңдылық. Сондықтан ең минималды жалақы немесе төмен зейнетақы алатын азаматтар ғана емес, бүкіл халықтың сатып алу қабілеті төмендейді. Себебі табыс деңгейі инфляцияның артынан ілесе алмай отыр. Жалақы өсімінің қарқыны баға өсімінен әлдеқайда төмен. Соның салдарынан қазақстандықтардың сатып алу қабілеті сөзсіз төмендейді», - дейді Public Policy Research Center зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмұтова.
Үкімет не дейді?
Үкімет өкілдері дағдарысқа қарсы шаралардың қазірдің өзінде жүзеге асып жатқанын еске салады. Сәуір айына дейін дизель отынының, АИ-92 бензинінің және коммуналдық тарифтердің бағасын көтеруге мораторий енгізілген. Алайда осы мораторий алынғаннан кейін не болатыны әзірге белгісіз.
Бағаның күрт өсуі болмайды деп сендіргенмен, Үкімет тәуекелдердің бар екенін мойындайды. Өткен демалыс күндері Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин үкімет бұрын тоқтап тұрған барлық реформаларды қайта іске қосатынын мәлімдеп, халық табысының төмендеу қаупі неліктен туындағанын түсіндірді.
«Себебі белгілі бір сәтте бірнеше реформа қатар жүрді. Мұның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы “инвестицияға айырбас ретінде тариф” реформасы, модернизациялау бағдарламасы, ҚҚС реформасы және салық реформасы, сонымен қатар бюджет реформасы бар», - деді министр.
Жұманғариннің айтуынша, қазақстандықтардың табысы өсіп те, төмендеп те жатқан жоқ. Үкімет жалпы алғанда оптимистік болжам ұстанады. Мемлекет инфляцияны «тұрақтылық дәлізінде» ұстап, дағдарысқа жол бермеуге уәде беріп отыр.
Дағдарыс уақыты ма?
Caravan.kz тілшісі Алматыны аралап, бірінен соң бірі жабылып жатқан бизнес нысандарды өз көзімен көріп қайтты. Мұндай үрдіс былтыр байқалмаған, осы жылдың ортасынан бастап қаңырап бос тұрған ғимараттардың көбейіп жатқаны байқалды. Бұл жағдай расымен де алаңдатарлық, бір қарағанда ақыр заманның ызғары сияқты көрінеді.
Сондықтан жаңа жылда не болары белгісіз. Мораторий алынып тасталғаннан кейінгі жағдай да беймәлім. Уақыт қысқан сайын қоғамдық талқылаулар да үдеп барады. Баға өсіп, жалақы сол күйінде қалатын болса, адамдардың күйі не болмақ? Қазақстандықтардың көкейіндегі бұл сұраққа нақты жауап жоқ.