ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстанда әйелдерді харассменттен қорғауға бағытталған заңды қабылдау мүмкіндігіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы КТК жаңалықтар қызметі мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ведомство қысым көрсетуге жол бермеуге арналған заң жобасы әзірлеп жатыр.
«Қазір қоғамда бұл тақырып көтеріліп жатыр және харассмент бойынша ұсыныстар да айтылып жүр. Бұл тұрғыда қарама-қайшы пікірлер де кездесіп отыр. Біреулер қолдаса, кейбірі үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан біз оларды жұмыс тобының отырыстарында талқылаймыз. Бұл мәселе әлі де қоғамдық талқылауда», - деді И.Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейін жұмыстағы харассмент үшін жауапкершілік енгізілуі мүмкін екені хабарланған еді. Былтыр сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы әйелдер жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға тап болатынын айтты.
«Елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы да үлкен мәселе. Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан қорғансыздың күнін кешпес үшін азаматтарымызды зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнаманы күшейту кезек күттірмейді», - деді Д.Қыдырәлі.