Хиджабтағы әйел Астана әуежайын сотқа бермекші

Бұл туралы Әсел есімді әйел Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Оқиға Айша есімді жолаушының ұшар алдындағы тексеруден өтуі кезінде болған. Әйел барлық заттарын шығарып қойып, металл іздегіш рамкадан еш кедергісіз өткен. Құрылғы ешқандай дыбыс шығармағанына қарамастан, әуежай қызметкері одан сыртқы жейдесін шешуді талап еткен. Айша бірнеше рет жейденің астында басқа киімі жоқ екенін ескерткеннен кейін, оны байланыссыз сканерден өткізуге шешім қабылданған.

Сканерден өткен соң қызметкер Айшаның жолын бөгеп, басқа адамдардың көзінше, жалпы залдың ішінде денесін қолмен тексеруге кіріскен.

«Ол алдыма тұрып алып, шығуыма мүмкіндік бермеді… сосын жейдемді жоғары көтере бастады! Сол сәттегі шокымды елестетіп көріңіздерші! Айналада адамдар толып тұр. Бір ер адам сол мезетте теріс қарап кетті. Мен қызметкерді бірден тоқтатып: “Не істеп жатырсыз? Есіңіз дұрыс па өзі? Мұнда адамдар тұр, ер адам да бар”, — дедім. Ол бұрылып: “Қайдағы ер адам?” — деді. Сонда бір әйел: “Ер адам теріс қарап тұр ғой, сіз не істеп жатырсыз?” — деп жауап берді. Ал қызметкер: “Бұл — менің жұмысым, істеуім керек”, — деді. Мен: “Неге мені жұрттың алдында шешіндіріп жатырсыз?” — деп сұрадым».

Осыдан кейін Айша дереу әкімшілік өкілдерін шақыруды талап етіп, өзінің айтуынша, «бәрін аяғынан тік тұрғызған». Келген әуежай басшылығы қызметкердің қателік жібергенін мойындап, кешірім сұрай бастаған. Ал әріптестері сол сәтте қызметкерге оқиға кезінде болмаған бейнетіркегіш камераны асығыс тағып берген.

Қызметкердің өзі кешірімді аса ықыласпен сұрамаған және әрекетін нұсқаулықтармен ақтауға тырысқан:

«Кешіріңіз. Болды, кешіріңіз. Бірақ… біз міндеттіміз…»

Бұған Айша:

«Жоқ! Ешқандай “бірақ” болмайды! Бұл жерде сіздер қателестіңіздер», — деп қатаң жауап берген.

Блогердің айтуынша, ол көп саяхаттайды, алайда мұндай қарым-қатынасқа өмірінде алғаш рет тап болған.

Қазір Айша заңгерімен бірге қызметтік нұсқаулықтарды, әуежай регламенттерін және тексеру жүргізу тәртібін зерттеп жатыр. Алғашында әлеуметтік желіде ол бұл қызметкерлерді шекарашылар деп атаған, бірақ кейіннен:

«Айта кетейін, мен оларды шекара қызметкерлері деп қателесіппін. Негізінде бұл әуежайдың қауіпсіздік қызметі, ал нақтысы — тексеру инспекторы болған», — деп нақтылаған.

Химар тағатын Айша барлық әйелдерді өз құқықтарын қорғауға және сыртқы келбетіне байланысты жеке шекараларының бұзылуына жол бермеуге шақырды.

«Менің айтпағым — үндемей көне бермеңіздер. Біз хиджаб киген екенбіз деп, бізге ойына келгенін істеуге болады деген сөз емес. Өз жеке шекараларыңызды, ең алдымен өз жайлылықтарыңызды қорғаңыздар!» — деді ол.