Ол қаланы дамыту жөніндегі әлеуметтік бастамалар банкіне айналмақ.
«Алматыда шешілуі тиіс мәселелер өте көп, оны бәріміз білеміз. Оның бірі – көліктің шектен тыс көптігі, жастарды жұмыспен қамту, қаланың ластығы, тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыру. Біз қала тұрғындарын осы проблемаларды шешуге жұмылдырғымыз келеді. Дәл осы мақсатта I-Azamat.kz жобасы ашылды. Ол мәліметтер мен бастамаларды түйістіру мақсатында ашылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаға 3 млн 200 мың теңге бөлінді. Бүгін біз оны іске қосамыз», - деп сейсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Ішкі саясат басқармасы ҮЕҰ-мен жұміс жөніндегі бөлімінің бас маманы Фариза Қамбарова мәлім етті.
Жаңа жобаның мақсаты – қала мен тұрғындарға арналған ең инновациялық және креативті жобаларды жинау әрі қолдау. Платформада барынша көп дауыс жинаған жобалар сарапшылар комиссиясының қарауына беріледі.
«Сайттың жұмыс істеу тәсілі өте қарапайым. Біз әдейі солай істедік. Егер идеяңыз болса және оны жүзеге асырғыңыз келсе біздің сайтымызға тіркелесіз. Пайдаланушының аты-жөні мен құпия сөз берілгеннен кейін жобаңыз туралы фотосуреттер мен бейне материалды жариялап, оны қысқаша түсіндіріп берсеңіз жетіп жатыр. Содан соң өз жобаңызды өзіңіз таныта бастауыңыз керек. Ең көп дауыс жинағандардың жобасы ескеріледі», - дейді «Төбе» ҚҚ директоры Дана Шаяхмет.
Жоба авторларының айтуынша, ұсынылған идеялар қазан айының соңында қаралады. Соның ішіндегі ең үздік деген 10 жоба іріктеліп, сарапшыларға таныстырылады. «Содан соң үш жеңімпаз анықталады. Оларға 100 мың теңгеден сыйақы төленеді. Бұл әрине, көп ақша емес, бірақ, шағын бастама үшін біршама көмек. Біз үшін сол жоба авторларының әкімдік өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды», - деді Д.Шаяхмет.
Қаржыландыру аяқталған соң жобаға инвесторлар тарту көзделіп отыр.