ІІ Азиялық жағажай ойындары аясында Оманда өтіп жатқан халықаралық турнирде қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетуде

Онда ел намысын әйелдер арасында Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова, ерлер арасында Алексей Сидоренко мен Дмитрий Яковлев қорғауда. Оман астанасында 9 желтоқсан күні жалауын көтерген бұл байрақты бәсекеде Татьяна-Ирина жұбы алғашқы кезеңде Д тобында 2 орын алған болатын. Олар бұл сында таиландтық Тенпакси-Саннок жұбына ғана 0:2 есебімен ұтылып, қалған ойындарда жапондық Кусана- Ойаманы, шығыстимурлық Клемен-Зинханы, тайпейлік Хсиех-Лиуды 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін олар енді лаостық Фонедану-Пани жұбымен сынға түседі. Ал алғашқы кезеңде өз тобында үздік шыққан Алексей мен Дмитрий болса жапондық Имай мен Хидаки жұбымен кездеседі. Олар алғашқы кезеңде лаостық Шитсамон-Таммасин, түрікменстандық Тимур-Арслан, йемендік Адеб-Ассарды 2:0 есебімен ұтқан еді.