ІІІ Азия кубогында қазақстандық қыздар Лондон Олимпиадасының қола жүлдегерлерін 3:1 есебімен ұтты

«А» тобында бақ сынап жатқан Александр Гутор жаттықтыратын қазақстандық қыздар, бұған дейін тайпейліктерді 3:0, корейлерді 3:1 есебімен ұтқан болатын. Енді олар бірдей 6 ұпай жинағанымен, тайпейліктерді де, корейлерді де 3:0 есебімен ұтып турнир кестесінде бірінші орынға шыққан Тайланд құрамасымен күш сынаспақ. Егер олар бұл сайыста да басым түссе 14-інші қыркйүек күні «В» тобында төртінші орын алған, ал жеңілсе үшінші орын алған командамен кездеседі. Қазір «В» тобында 6 ұпаймен қытайлықтар бірінші, 3 ұпаймен жапондықтар мен вьетнамдықтар 2-3 орынды өзара бөліссе, қоржынында бірде-бір ұпайы жоқ ирандықтар төртінші орында келе жатыр.

Жалпы FIVB рейтингінде 12-сатыда тұрған Тайланд құрамасы 2011 жылғы Азия чемпионатында төртінші орын алған болатын. Олар 1 рет Азия чемпионы (2009), 2 рет қола (20001, 2007) жүлдегер, 1 рет Азия кубогының күміс жүлдегері (2010), 1 рет қола (2008) жүлдегері атанып, биыл Әлемдік Гран-при додасында төртінші орын алған болатын. Ал FIVB рейтингіде 32-ші орынға табан тіреген қазақстандықтар былтырғы Азия чемпионатында 9-шы орынды қанағат тұтқан еді. Олардың еншісінде 2005 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі ғана бар.