"Өңдеу өнеркәсібінің жоғарғы өсу қарқынына қарамастан өнеркәсіп саласының жалпы өсімі үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында қол жеткізілген қарқыннан 2 процент төмен болды",- деді ол. Министрдің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің өсу қарқыны төмендеуге тау-кен өнеркәсібі саласындағы жұмыс көлемінің азаюы әсер етті. Бұл саладағы жұмыс көлемі жарты жылдық қорытындысы бойынша 10,8%-тен қаңтар-қыркүйек айларында 7,6%-ке дейін азайған. Сондай-ақ, осы мерзімде мұнай өндіру қарқыны жарты жылдық қорытындысы бойынша 11,3%-тен қаңтар-қыркүйек айларында 7,6%-ке дейін төмендеді.
Қ.Келімбетов үшінші тоқсанда мұнай өндіру мөлшерінің азаюы еліміздің үш облысында, атап айтсақ, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты болғанын жеткізді. Сондай-ақ, министрдің хабарлауынша, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда түсті және әзіз металлдар өндіру көлемі 8,6%-ке азайған. Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда кен өңдеу және тазартылған мыс өндіру көлемі де біршама қысқарды. "Мұндай ахуал мыс өнеркәсібінің шикізаттық базасын нығайту жұмыстарының тоқырауына байланысты",- деді ол.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, "негізгі өнеркәсіп салаларының даму қарқынының бәсеңдеуі, өнеркәсіп өнімінің өсу динамикасының Жалпы ішкі өнімнің өзгерісіне әсер ету икемділігіне қатысты коэффицентті ескергенде, экономикалық өсім қарқыны жарты жылдық қорытындысы бойынша 10,2%-тен биылғы 9 айда 8,9%-ке дейін төмендеуіне апарып соқты ".
Қ.Келімбетов "жыл соңына дейін мұнай және түсті металл өндіру қарқынын қалпына келтіру арқылы Жалпы ішкі өнімнің өсім деңгейін болжамдық 9%-ке дейін жеткізу" қажеттігін атап көрсетті. Сондай-ақ, Қ.Келімбетов өнеркәсіп өнімінің өсу қарқынының төмендеуі әлемдік нарықта мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуына байланысты экспорттан түсетін кіріс көлемінің өсуіне әсер ете алған жоқ деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, үстіміздегі жылдың 9 айында Лондон биржасындағы мұнай бағасы бір баррель үшін 28,65 доллар деңгейінде болды. Алайда, мұнай бағасы әрбір баррель үшін 20-22 доллар деңгейіне дейін арзандаған жағдайда "бір тоқсан аясында мұнай өндіру көлемінің жоғарыдағыдай шұғыл азайтылуы елдің экономикалық дамуына нұқсан келтіре алады",- деп атап көрсетті ол. Сонымен бірге экономика министрі егер мұнай бағасы бір баррель үшін 20 доллардан төмен түспесе, "Қазақстан экономикасы үшін бұл - айтарлықтай қатер тудырмайды" деп мәлімдеді. "Әйтсе де, ахуалды жіті қадағалап отыру қажет" деді экономика министрі.