ІІМ есірткіге қатысты қылмыс үшін өлім жазасын қарастыратын заң жобасын жыл соңына дейін парламентке ұсынбақ

"Егер үкімет тарапынан "Қылмыстық кодекске және есірткі айналымы саласындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері туралы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі" заң жобасына қолдау көрсетілсе, біз жыл соңына дейін осы заң жобаны парламентке ұсынатын боламыз",-деді ішкі істер вице министрі Алик Шпекбаев.

"Біз бұл заң жобаны азаматтық қоғам институттарымен, мемлекеттік органдармен ақылдаса отырып жасадық, барлық тиісті сараптамалар жүргізілді, оның бәріне оң қорытынды шығарылды, қазіргі кезде құжат үкіметтің қарауында жатыр",-деді ол.

Үкіметтік емес ұйымдар Конфедерациясының төрайымы Гулзия Нәбиева "дөңгелек үстел" отырысы барысында Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары "аталған қылмыстарға жазаны күшейтуді қолдайды, бірақ өлім жазасы туралы сөз болуы мүмкін емес, себебі 2003 жылдың 17 желтоқсанындағы Елбасының жарлығына сәйкес, өлім жазасына мораторий енгізілген болатын" ,-деп мәлімдеді.

"Сондықтан да біз осы нормаларда өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы мүмкіндікті қалдыруды ұсынамыз",-деді ол.

Осыған дейін хабарланғандай, Елбасының тапсырмасына сәйкес заңсыз есірткі және психотропты заттардың айналымына байланысты қылмысқа және құқық бұзушылықтарға қатысты қылмыстық және әкімшілік жазаны күшейту туралы заң жобасында ІІМ кейбір есірткіге қатысты қылмыстарға өлім жазасын енгізуді ұсынған. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің аса үлкен көлемдегі есірткі және психотропты заттардың контрабандасы үшін 12 жылдан 20 жыл бас бостандығынан айыру мүмкіндігі қарастырылған 250 бабының төртінші тармағын өлім жазасымен немесе өмірлік бас бостандығынан айырумен толықтыру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған бір немесе бірнеше жасөспірімді есірткіге әуестендіріп, соңы өлімге немесе ауыр жағдайға әкеп соқтырғанда өлім жазасына кесу ұсынылуда.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті