Астанада Азаттық тілшілерінің сұрағына жауап берген Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов тәуелсіз журналист Жанболат Мамайға "СИЗО-да қысым жасалғаны" туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, қазір бұған қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
- Иә, ол туралы естідім. Білуімше, «қысым» жайлы ол адвокатына айтқан. Қазір ол жағдайға байланысты тексеріс жүріп жатыр. Бір-екі күнде жауабын айтамыз, - деді Рашид Жақыпов бас прокуратура ұйымдастырған 4-түрме реформасы форумында.
Вице-министр Азаттық тілшілеріне Жанболат Мамайдың жағдайына байланысты ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшылығына хабарласып отыруды сұрады.
Алматы шетіндегі ЛА155/18 тергеу изоляторында (СИЗО) отырған журналист Жанболат Мамайға камераластары тарапынан қысым жасалғаны туралы 21 ақпанда оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлаған. Адвокат Мамай өзімен кездесуінде өткен жұма
күні өзін басқа камераға ауыстырғанын, сол жерде камераластарынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін айтты деген.
28 жастағы журналист, тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.
Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға
бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген.
Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, оған таққан айыпты "абсурд" деп атаған.