Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, кеңес барысында тергеу және анықтау бөлімшелері жұмысшыларының кәсіби деңгейін нығайту қажеттігі айтылған. "Әрбір оныншы қызметкердің жұмыс тәжірибесі үш жылға жетпейді, мұның басты себебі - мәртебе мен жалақының төмендігі",- деп атап өтті полицейлер.
Баспасөз қызметіндегілер сондай-ақ, әкімшілік реформа аясында министрлік тарапынан "Ауырлығы жеңіл және орташа дәрежедегі айқын қылмыстарға қатысты қылмыстық істерді тергеу тәртібін оңайлату туралы" және "Алдын-ала тергеу органдары мен тергеушілердің мәртебесі туралы" заң жобалары дайындалып жатқандығын хабарлады. Полицейлердің пікірінше, бұл заң жобалары тергеушілерге жүктелген жүкті жеңілдетіп, олардың күшін ауыр және өте ауыр қылмыстарды тергеуге жұмсауға мүмкіндік береді, сонымен қатар тергеушілердің құқықтық мәртебесі мен оның әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын көтереді.
"Кеңесте тергеу практикасының әртүрлі құқықтық мәселелері көтеріліп, қолданыстағы заңнамаларға түсініктемелер берілді, сондай-ақ прокуратура, сот, әділет және сараптама мекемелерімен өзара ықпалдастықты нығайту механизмі қарастырылды",- деп қосты баспасөз қызметіндегілер.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті