Сотта құрықтау операциясы кезінде қаза тапқан жасөспірімдердің өлімі де сұралуы мүмкін. Әзірге 13 адамның өлімі бойынша бір ғана күдікті ұсталған. Ол лаңкестік топ жетекшісі - Саян Хайров. Ал оның сыйбайласы Зәуірбек Ботабаевты құзырлы органдар қанша іздесе де таппай жүр. Естеріңізге салсақ, былтыр тамызда Іле Алатауы паркін жасырын мекендеген лаңкестер екі бірдей қорықшының отбасын қырып салған болатын. Көп ұзамай күш құрылымдары ізіне түсіп, қаніпезерлердің көзін жойды. Ал аман қалған топ жетекшісі «терроризм» бабы бойынша өзіне тағылған айыптарды әлі де мойындамай отыр.