Прокурордың түсініктемесіне сәйкес, "Мұнай туралы" ҚР заңына енгізілген түзетулерге сәйкес, 2005-жылдың 1-қаңтарынан бастап ілеспе газды жағуға тыйым салынған. Соған қарамастан, Қызылорда облыстық табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексерулер нәтижесінде "PetroKazakhstan Kumkol Resources"АҚ-ның бұл талапты орындамай отырғаны анықталды.
Х.Тарбақовтың айтуынша, ілеспе газды жағу деректері Құмкөл, Оңтүстік Құмкөл, Арысқұм, Қызылқия және Майбұлақ кеніштерінде тіркелген. Сонымен бірге мұнай дайындау және айдау, сондай-ақ, газды пайдалы жарату цехтарында ілеспе газ жағылып келген. Прокурордың мәліметі бойынша, "тек 2005-жылдың қаңтар және ақпан айларында 13 млрд. текше метр газ жағылған". "Бұл жерде ҚР Қылмыстық Кодексінің 282-бабы, 1-тармағында көрсетілген қылмыс белгілері байқалып отыр, компания ауаға ластаушы заттарды тастап, ереже бұзды",- деді Х.Тарбақов.
Оның айтуынша, тексеру барысында сонымен бірге Канадалық компанияға қарасты мұнай кеніштерін игеру барысында бұдан басқа да бірқатар заң бұзушылықтар әшкереленді. Мәселен, мұнай өндіруші компаниялар жобадағыдан аз өнім өндірумен бірге, өнім құрамындағы су мөлшері жобалық нормативтерден 2 есе артық болып шыққан. "Басқаша айтқанда "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" заңның 63-бабының 4-тармағы, "Қазақстан Республикасында пайдалы қазбалар кенішін игеруде жер қойнауын қорғаудың біртұтас ережелерінің" 2-тармағы, 151, 185 және 206-тармақшалары бұзылған",- деді прокурор.
Осындай заң бұзушылық деректері бойынша Қызылорда облыстық табиғат қорғау прокуратурасы "PetroKazakhstan Kumkol Resources"АҚ-ның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар Кодексінің 275-бабы бойынша 5 әкімшілік іс қозғап, оларды геология және жер қойнауын пайдалану жөніндегі аймақтық инспекцияға жолдады. Инспекция компанияға 563 180 теңгенің айыппұлын салу туралы шешім шығарды.