Илья Ильин жұлқа көтеруде 185 кг бағындырып, рекордын жаңартты

Илья Ильин алғашқы мүмкіндігінде бірден 177 кг тапсырыс беріп, түк қиналмастан көтерді!

Лондонның алтын жүлдесіне таласта Илья Ильиннің басты қарсыластарының бірі – ресейлік Александр Иванов жұлқа көтеруде бірінші мүмкіндігінде 180 кг тапсырыс беріп, оңай еңсерді.

Екінші рет 182 кг тапсырыс берген отандасымыз Илья бұл салмақты да еш қиындықсыз көтеріп, залдағы жанкүйерлердің қошеметіне ие болды. Бұл салмақты оның келесі ресейлік қарсыласы Алексей Диманов та көтеріп, осы нәтижемен алғашқы жарысты аяқтады.

Ал 3-шісінде 185 кг салмақты бағындырған Илья жұлқа көтеруде жеке рекордын жаңартты.

Осы салмаққа алғашқы болып тапсырыс берген ресейлік Иванов екінші мүмкіндігінде көтере алмай, тек үшінші мүмкіндігінде барып бағындырды. Осылайша 94 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ауыр атлетикадан алғашқы жарыста салмағының жеңілдігіне байланысты Александр Иванов көш бастап тұр.