Индустрия министрлігі жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімін құрылыс аяқталғанға дейін жеке меншікке беруге қарсы

"Біз өкілетті орган ретінде бөлінген жер телімін артынша сатып алуға қарсымыз",- деп хабарлады бүгінгі семинарда индустрия және сауда министрлігінің құрылыс ісі бойынша комитетінің бастығы Сейітжан Смағұлов. "Біздің ұстанымымыз тұрғын үйді қабылдау актісі рәсімделгеннен кейін ғана сатып алуға рұқсат беру",-деп түсіндірді ол.

С.Смағұловтың пікірінше мұндай шаралар жер телімдеріне қатысты алыпсатарлыққа жол бермейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылдың 1 тамызындағы үкімет бекіткен жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдеріне құқық беру ережелеріне сәйкес, республикамыздың әрбір азаматы өз меншігіне тұрғын үй құрылысы үшін 0,1 га жерді тегін алуға құқылы. Сондай-ақ, ережеде жеке тұрғын үй құрылысына жер телімі қайталап тегін берілмейтіндігі көрсетілген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті