Ұлттық банк басшысының айтуынша, әлеуметтік төлемдерді қаржыландыруға, зейнетақы, шәкіртақы мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 100 млрд. теңгеге арттыруға бағытталған түбегейлі шара ретінде шартты түрде екі жолды қарастыруға болады. Біріншісі, мемлекеттік бюджеттің тапшылығын аталмыш сомаға арттырып, одан әрі бұл қаржыны мемлекеттік бағалы қағаздар рыногынан қарыздау. Екіншісі - Ұлттық қордың қаржысы есебінен қаржыландыру.
Ә.Сәйденовтың пікірінше, ақша базасы мен инфляцияның айтарлықтай өсуіне алып келмейтін бірінші жол артықша тиімдірек. Екінші жағдайда ақша базасы өсетіндіктен инфляциялық қысым әжептәуір болмақ. Сонымен бірге Ұлттық банктің валюта рыногындағы іс-әрекеттерін пәрмендендіру және конвертация жасау қажеттігі туындап, алтынвалюталық активтер артады. Ал қазіргі жағдаймен валюта бағамдарының шамалы ғана ауытқуына байланысты Ұлттық банк валюта рыногына шамалы ғана араласып отыр.
Ұлттық банк басшысы үкіметтің екі жолды қиыстыра бір үлгі шығару мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ондай жағдайда қаржының бір бөлігін қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздар рыногынан қарыздап алса, екінші бөлігі мұнай сатудан түскен қаржыны Ұлттық қорғау аудару мөлшерін қысқарту есебінен құралады. "Біздің болжамымыз бойынша мұндай жағдайда тұтыным тауарларының бағасы 0,4% - 0,7%-ке қымбаттайды",- дейді Ә.Сәйденов.
4,9% - 6,5% аралығында болады деп межеленген 2005-жылғы инфляциялық дәлізді қайта қарау немесе қарамау қажеттігі үкіметтің бюджетке енгізетін түзетулеріне қатысты ұсынысынан кейін нақты айқындалады. "Біз инфляция деңгейі қолайлы мөлшерден ауытқымайды деп сенеміз",- деді Ұлттық банк басшысы.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі қазір 2005-жылғы бюджетке енгізілетін өзгерістердің жобасын жасап жатыр. Министрлік нақты ұсыныстарды 18-наурызға дейін әзірлеп, үкіметтің талқысына ұсынуды көздеуде.